Алматы облысында төрт оқушы астан уланып қалған. Олар - Ұзынағаш қаласындағы "Саурық" қайырымдылық мекемесінде тұратын аз қамтылған отбасынан шыққан балалар, - деп хабарлайды "КТК" телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, 14 жастағы жеткіншектер дәрігерлерге тез дайындалатын кеспені тәрбиеші бергенін жеткізген. Мекеме басшылығы балалардың сөзін жоққа шығарып отыр. Қазір бұл жағдайға қатысты тексеру басталып кеткен. Төрт бала Жамбыл ауданы ауруханасына кеше таңғы сағат сегіз шамасында жеткізілген. Бәрі астан уланған. Олар соңғы рет тәрбиеші "қытай кеспесін" бергенін айтқан.
"Балалар "кешкі аста өздері берді" деп айтты. Олар басы ауырып, іші өтіп, әлсіз болып, құсқанына шағымданды. Балаларға жедел көмек көрсетіліп, жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылды. Балаларды ешкім іздеп келген жоқ. Жетекшісі, ата-аналары келген жоқ", - деді Жамбыл ауданы ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Күлзада Арынова.
Мекеме басшысы кеспені балалар өздері әкелгенін айтады.
"Олар өзі не әкеліп жеген екен, хабарымызда болған жоқ. Азанда ауырып тұрмыз дегеннен кейін жедел жәрдеммен шақырып жіберген едік. Ата-аналарының хабары бар, біз мына жерде сенімхатпен алғаннан кейін, бүкіл дәрі-дәрмегі, қаражат жағынан болсын - бәрін апарып, өзіміз көмектесіп жатырмыз", - деді "Саурық" қайырымдылық мекемесінің директоры Құсайын Қасымбеков.
Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары тәрбиеленетін орталық ашылғанына төрт жыл болған. Аудандық әкімдік өкілі бұл жер ресми тіркелген орталық екенін растады. Дегенмен ол кейінгі жағдайға байланысты қосымша тексеріс жүргізілетінін жеткізді.
"Өзіміздің тарапымыздан, діни басқармадан, теолог тарапынан тексереміз. Санитария-эпидемиологиялық департамент тарапынан осы жұмыстардың алдын алу, болашақта болмауы үшін бәрін бақылауға аламыз", - деді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы.
Уланған төрт бала жұқпалы аурулар бөлімшесінде жатыр. Үш күнде шығуы мүмкін. Ал тексеріс қорытындысы бойынша "Саурық" мекемесінде уланғаны расталса, басшылығы заң жүзінде жауапқа тартылады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!