Алматы облысының әкімдігі мен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында ынтымақтастық туралы Меморандумге қол қойды.
Құжатқа сәйкес, өңірдегі баспананың тұрғызылуына жергілікті басқару органдары мен Ұлттық қордан 3,6 млрд. теңге бөлінеді.
Бұл қаражатқа 672 пәтері бар 6 үй салынады және банк салымшыларына баспананың шаршы метрі 140 000 теңгеден беріледі.
«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Алматы облыстық филиалының директоры Ғалымжан Шалғымбаевтың айтуынша, облыстың үш елді мекенінде қоныс тойы тойланады. Талдықорғанда 562 пәтер болатын 4 үй, Қаскеленде 50 пәтерлік бір нысан және Өтеген батыр ауылында тағы бір тұрғын үй тұрғызылады. Онда 60 пәтер болмақ.
Дереккөз: inform.kz