- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматы облысында марафонда...
Алматы облысында марафонда мерт болған спортшының отбасына қаржылай көмек көрсетіледі
Алматы облысында өткен марафон жарысында 41 жастағы азамат мерт болды. Ол мәре сызығына санаулы метр қалғанда құлады. Жедел-жәрдем жылдам жеткенімен, жүрегі тоқтап көз жұмды. Қайтыс болған азамат - алматылық Руслан Жолдыбаев. Ол "Тенгри Ультра" жарысына 2017 жылдан бері тұрақты қатысып келген. Денсаулығына шағымданбаған. Осы марафонды ұйымдастырушылар спортшылардан ешқандай медициналық анықтама құжаты талап етілмейтінін айтты. Ал қайтыс болған азаматтың отбасына қаржылай көмек көрсетіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Руслан біздің жарысқа биыл төртінші рет қатысыпты. Отбасына қайғырып, көңіл айтамыз. "Тенгир Ультра" халықаралық марафоны осымен жетінші рет өткізілді. Осы уақытқа дейін төтенше жағдай болған емес. Мақсатымыз - бұқаралық спортты, туризмді дамыту. Ешкімнен денсаулығына қатысты алдын ала медициналық құжат талап етпейміз. Қатысушылардың денсаулық ахуалына жауап бермейміз. Бірақ жарыстың қауіпсіз өтуін қамтамасыз етеміз. Руслан жарысқа бауырларымен бірге қатысты. Кім білген осылай боларын… Біз оның отбасына моральдық әрі материалдық көмек көрсетеміз", - деді марафонды ұйымдастырушылардың бірі Вадим Винокуров.
Бұл дәстүрге айналған экстремалды спорт бәсекесі жыл сайын Іле өзенінің жағасында өткізіліп тұрады. Ақылы марафонға биыл 2000 адам қатысты. Қатысушылар таңдауына 1, 3, 5, 15, 35, 50 және 100 шақырымдық қашық ұсынылады. Ал 15 шақырымдық жарысқа түскендер 11 000 - 16 000 теңге аралығында ақша төлеген.
"Жиналған барлық қаржы турнирді өткізуге жұмсалып отырады", - деді ұйымдастырушылар.
Саламат Сабыр
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы