Алматы облысында ломбард қызметкерін байлап, айдалаға көмгендер ұсталды

Мойнына жіп байлап, айдалаға көміп кеткен. Алматы облысында ломбард қызметкерін азаптап өлтірді деген төрт күдікті қолға түсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Полиция мәліметінше, олар марқұмды алдымен буындырып, кейін қылмысын жасыру үшін мәйітті көміп тастаған.

Оқиға Алматы іргесіндегі Көлащы ауылында болды. 51 жастағы азаматқа жақындары бір апта бойы іздеу салған. Үйінен кешкі уақытта шығып, содан ұшты-күйлі жоғалған ер адам қаладағы ломбардтардың бірінде бағалаушы қызметін атқарыпты.

Тәртіп сақшылары қанды қылмыс бойынша төрт күдіктіден жауап алып жатыр. 

"Кісі өлтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Жедел-іздестіру іс-шараларының барысында 9 қарашада криминалдық полиция қызметкерлері төрт күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алды. Қазіргі уақытта қылмыстың барлық жағдайы мен себептерін объективті зерттеуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", - дейді Алматы облысы ПД КПБ бастығы міндетін атқарушы Нұржан Кеңесханұлы. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!