Алматы облысында қызды шығарып cалмақ болған 17 жастағы жасөспірім кісі қолынан қаза тапқан

Алматы облысы Алмалы ауылында қаза тапқан Жангелді Мұраттың жақындары әділдікті талап етіп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Аlmaty.tv-ға сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға биыл 1 қаңтарда болған. 17 жастағы Жангелді Мұрат таныс қызды үйіне шығарып салу үшін сыртқа шыққан. Телеарна мәліметінше, жолда оны бірнеше жігіт тоқтатып алып, сөйлеспек болған. Марқұмның туыстарының айтуынша, олар жасөспірімнің әлгі қызбен араласуына қарсылық танытқан. Кикілжің ушығып, қазір күдікті деп танылып отырған 9-сынып оқушысы ағасын шақырған. Жағдай одан сайын күрделене түсіп, 2 жігіт төбелесе бастаған. Сол сәтте жасөспірімге пышақ сұғылып, ауыр жарақат алған. Жақындарының айтуынша, марқұм ауруханаға жетпей, көлікте жан тәсілім еткен.

"Өкпесінен, қолынан, иығынан пышақтап отыр. 9,5 жарым сантиметр пышақ кірген", – деді марқұмның анасы Жанар Талқанбаева.

Жақындары "Жангелді Мұрат фельдшер мамандығында оқып жүрген, болашағынан зор үміт күттірген жігіт еді", - дейді.

Туыстары "бұл оқиға жай төбелес емес, топтық шабуыл" деген пікірде. Олардың сөзінше, Жангелдіге кемінде 4 адам жабылған. Алайда бүгінге дейін тек бір күдікті қамауда.

Қазір іс Қарасай аудандық сотында қаралып жатыр. Куәгерлерден жауап алынып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Ал қайғыдан қан жұтқан жанұя істі әділ қарап, қанды қылмысқа қатысы барлардың барлығы ауыр жаза арқалауын талап етіп отыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!