Алматы облысы Қарғалы ауылындағы Сүйінбай, Абай мен Әлия Молдағұлова атындағы үш көше уақытылы жөнделмей қалған болатын. Осы мәселеге байланысты Алматы облыстық әкімдігі өкілі жауап беріп, мән-жайды түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әкімдік мәліметінше, бұл көшелерді жөндеу жұмысы былтыр аяқталуы керек еді. Алайда "Қаратау жолдары" ЖШС өз міндетін уақытылы орындамаған.
"2022 жылғы 9 қарашада Жамбыл аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімі "Қаратау жолдары" ЖШС үстінен сотқа талап-арыз жолдады. Арызда серіктестік міндетін атқармағаны, келісімшартты бұзғаны, мердігерді көшелерді жөндеуді міндеттеуі керек екені жазылған. Осы талап-арыз бойынша сот отырысы 27 ақпанда Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық-экономикалық сотында өтті. Сот шешімі бойынша мердігер келісішартпен айыпақы төлеуге және 2023 жылғы 30 сәуірге дейін Қарғалы ауылындағы үш көшені жөндеу жұмыстарын толық аяқтауға міндеттелді", - делінген әкімдік мәліметінде.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысы Қарғалы ауылында ұлы тұлғалардың атындағы үш көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілмегені хабарланған болатын.
Саламат Сабыр
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!