Алматы облысы Талғар ауданы Панфилов ауылдық округіне қарасты Қарабұлақ ауылының тұрғыны "көшені кеңейтемін" деп айыппұл арқалады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі almaty.tv-ге сілтеме жасап.
Тұрғындардың сөзінше, тар көшенің бойымен жүйткіген көлік те, ойнақ салған бала да, жасы келген қария да қатар жүруге мәжбүр. Мұнда жол-көлік оқиғалары да жиі тіркеледі екен. Сондықтан жергілікті белсенді тұрғындардың бастамасымен жолды кеңейтпек болған.
"Көшеміз өте тар. Мен мұнда 20 жылдан бері тұрамын. Бұрын көлік сирек еді. Ал қазір ары-бері қатынайтындар өте көп. Жақын маңда мектеп бар, балаларға да қиын. Қыста абайсызда аяқтары тайып, көлік қағып кете ме деп тағы алаңдаймыз. Сондықтан көшемізді кеңейткіміз келген", - деді Қарабұлақ ауылының тұрғыны Ольга Кукличева.
Тұрғындардың айтуынша, қарабұлақтықтар өзара жиналыс өткізіп, көпшілік "жолды кеңейту қажет" деген ұйғарымға келген. Сол жерде қол жинап, толтырылған хаттаманы жергілікті әкімдікке тапсырған көрінеді. Бірақ құрылыс жұмыстары басталғанда учаскелік полиция келіп, белсенді тұрғынның біріне әкімшілік айыппұл салып кеткен екен.
"Көршіміздің ешқандай кінәсі жоқ. Тек игі іс жасаймын деген ойы болған. Бірақ айыппұл арқалап қалды. Мәселен, мен өзім мұндай іске араласпайтын едім. Ал ол кісі барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, көршілеріне жақсылық жасағысы келген. Жағдайдың бұлай болғаны өкінішті", - деді Қарабұлақ ауылының тұрғыны Ольга Кукличева.
Ал тұрғындардың кейбірі бұған қарсы болған.
"Ауылдықтардың жағдайын ойлап, қамын жейтін адам болып көрінгісі келеді. "Қарабұлақтың жағдайын мен жасап отырмын" дейді. Ал негізі көшеге жарық қойып, жол салған әкімдік қызметкерлері", - деді Қарабұлақ ауылының тұрғыны Гүлшат Халилова.
Панфилов ауылдық округінің әкімдігі қызметкерлерінің айтуынша, тұрғынға айыппұл инфрақұрылым нысандарының бұзылып, жасыл желектің зақымданғаны үшін салынған.
"Әкімдік қызметкерлері бұл кісіге ауызша ескерту жасайды. Бірақ бұл кісі көнбегендіктен, келесі күні біз жергілікті полиция бқлім қызметкерін жіберіп, айыппұл салынды. Сондай-ақ газ құбырын темірмен көтерген", - деді Панфилов ауылдық округінің әкімі Дулат Дәулетәлиев.
Ауылдық округ әкімінің сөзінше, Қарабұлақ халқынан өтініш түспеген. Олардың айтуынша, егер тұрғындар тарапынан ұсыныс айтылса, іске асыратынын жеткізді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!