Алматы облыстық Полиция департаменті өкілі жол талғамайтын көлік басқан жылқының жағдайын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, көлік басқаннан кейін жануар аман қалған. Бірақ иелері жануарды союды ұйғарған. Өйткені ол алған жарақатынан қозғала алмаған.
Еске салайық, бұған дейін Желіде Алматы облысында жылқыны қасақана көлікпен басқан сәт түсірілген видео пайда болғаны хабарланды. Ер адам жерде жатқан жануарды жол талғамайтын көлікпен әдейі басқан. Пікір білдірушілер ер адамның әрекетін айыптап, полицияны осы оқиғаға назар аударуға шақырған.
Кейінірек полиция күдіктіні ұстаған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Междуреченск ауылының 38 жастағы тұрғыны ауылдастарымен жанжал кезінде көлікпен жылқыны басып кеткен. Ер адамның сөзінше, бақшасында жайылып жүрген 20-ға жуық жылқыны шығаруға тырысқан.