- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматы облысында көлігімен...
Алматы облысында көлігімен жылқы басқан ер адам видео арқылы кешірім сұрады
Жерде жатқан жылқыны жол талғамайтын көлікпен әдейі басқан Алматы облысы Междуреченск ауылының 38 жастағы тұрғыны видео арқылы кешірім сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Видео әлеуметтік желілерде жарияланған. Онда ер адам бақшасы бүлінгеніне ашуланғанын айтқан.
"Істеген ісім үшін кешірім сұраймын, өйткені жылқыны ауламда көлікпен бастым. Бақшам бүлінгеніне жүйкем жұқарды. Осы жануардың иелерінен кешірім сұраймын, әрине, дұрыс істемедім. Өз кінәмді мойындаймын, қашпаймын, сондықтан кешіріңіздер", - деді ол.
Еске салайық, Алматы облысында жылқыны қасақана басқан жүргізушінің видеосы Желіде қызу талқыланған еді. Күдіктіні полиция ұстаған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Междуреченск ауылының 38 жастағы тұрғыны ауылдастарымен жанжал кезінде жылқыны басқан. Ер адам өзінің әрекетін бақшасынан 20-ға жуық жайылып жүрген жылқыны шығаруға тырыстым деп түсіндіріпті.
Жануар аман қалған, бірақ иелері оның жарақаты болғандықтан, бауыздауға мәжбүр болған. Кейінірек жүргізуші неге жазаланбайтыны белгілі болды.
Ж. Қадыржанова