Алматы облысында жолда қолданылған пробиркалар шашылып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Алматы облысында пайдаланылған ветеринарлық түтіктерді жол бойына тастағандар іздестіріліп жатыр. Жануарлардан сынама ретінде алынған қан құйылған құтыларды бәзбіреулер үлкен Алматы каналының маңына төгіп кеткен. Мұны көрген жұрт қауіпті инфекция таралып кетуінен қорқып дабыл қақты.
Зертханалық құтылар Еңбекшіқазақ ауданы Қызылшарық ауылына жақын маңнан табылды. Тасжол мен Үлкен Алматы каналының қақ ортасында шашылып жатыр. Дау тудырған видеодан соң, кеше оқиға орнына мамандар келіп тазалау жұмыстарын жүргізген. Полиция қазір пайдаланылған 700-ге жуық түтікшелерді тастағандарды іздестіріп жатыр. Қоршаған ортаны ластағандарға айыппұл салынады. Бірақ ветеринарлар мұндай түтікше дәріханаларда еркін сатылатындықтан, кез келген адамның қолдана алатынын айтады.
"Маркермен белгіленген жазу әлі кетпепті. Бір айдай жатқан. Бұл пробиркалардан түрлі ауру тарауы мүмкін. Қан сынамалары алынады. Малдың, бруцеллездан басқа да ауру тарап кетуі мүмкін. Егер ол жерде мал жайылымы болса, жабайы аң да болуы мүмкін. Сондықтан мұндай пробиркалар қауіпті", - дейді Еңбекшіқазақ ауданы ветеринария станциясының меңгерушісі Еркін Биханов.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!