Алматы облысында жол апатынан 6 адам қаза тапты

Алматы - Бішкек тасжолында жол апатынан алты адам қаза тауып, бес адам жарақат алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жантүршігерлік оқиға 24 қарашада Алматы облысында, тасжолдың 65-шақырымында болған.

Полиция мәліметінше, Audi жүргізушісі рөлге ие бола алмай, Toyota көлігімен соқтығысқан.

"Жол апаты салдарынан екі көліктің жүргізушілері мен үш жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір жолаушы ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, медициналық мекемеде көз жұмған. Сонымен қатар, бес жолаушы түрлі жарақат алған, дәрігерлердің бақылауында", - деп жазылған хабарламада.

Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап, тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу барысы Алматы облысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысында жантүршігерлік жол апатынан 12 адам қаза тапты. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!