Алматы облысында жоғалып кеткен бір үйдің жеті адамы аман-есен табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
"2023 жылғы 3 қаңтарда сағат 20:30-да Республикалық жедел-құтқару жасағы мен Қонаев қаласы жедел-құтқару жасағының күшімен Бартоғай су қоймасы мен Фесенков атындағы Астрофизика институтының обсерваториясына жетпей 40-қа жуық автокөлік табылды. Адамдардың нақты саны анықталып жатыр, алдын ала мәлімет бойынша зардап шеккендер жоқ. Жоғалып кеткен отбасының 7 адамы да сол жерде екен. Көбінің көлігінде жанармай таусылып қалған. Қазіргі уақытта құтқарушылардың күшімен автокөліктерге жанармай құю және адамдарды эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, ведомство өкілдері аман-есен табылған отбасы мүшелері жоспарланған туристік маршруты туралы облыстық ТЖД-ға ескертпегенін атап өтті.
Еске салайық, 2023 жылғы 3 қаңтарда сағат 08:00-де Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті кезекші бөлімінің пультіне Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылынан 80 шақырым жерде, таулы аймақтағы Бартоғай су қоймасында бір үйдің жеті адамы (төрт ер адам, екі әйел адам және бала) жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түскен еді.
Олар 2023 жылдың 2 қаңтарында екі көлікпен Алматыдан Асы үстіртіне қарай жолға шығып, үйлеріне оралмаған. Жоғалған адамдарды іздеу жұмыстарына Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті, Республикалық жедел-құтқару жасағы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар, аудандық ішкі істер бөлімі мен еріктілер жұмылдырылған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!