Алматы облысында кәмелетке толмаған жеткіншек жұмбақ жағдайда қайтыс болған. Полицейлер бұл іс бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, 13 наурызда Еңбекшіқазақ ауданының Полиция басқармасына жергілікті тұрғыннан кәмелетке толмаған ұлына дене жарақатын салған белгісіз адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы шағым түскен. Шағым ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы бойынша соталды тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Ал келесі күні кәмелетке толмаған бала медициналық мекемеде қайтыс болған.
Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тергеу жүргізіліп жатыр. Хаттамада баланың денесінде зорлық-зомбылық белгілері анықталмағаны көрсетілген. Бұл іс бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!