- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Төтенше жағдай
Алматы облысында жер үйде газ жарылып, екі адам жарақат алды
Алматы облысындағы жер үйлердің бірінде газ жарылып, екі адам жарақат алды. Олар баспананы жалға алып тұрып жатқан анасы мен баласы. Зардап шеккен әйелдің денесінің 25 пайызы күйіп қалған. Ал ұлы жансақтау бөлімінде жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Жойқын жарылыстан үй жарамсыз боп қалды. Төтенше жағдайлар қызметі апатқа кеше ғана үйге қосылған газ жабдығындағы ақау себеп деп отыр.
Жарылыс Байсерке ауылындағы үйде болған. Бір бөлмелі үш пәтердің тас-талқаны шыққан. Үйдің шатыры қирап, терезелерінен де түк қалмаған.
"Бір сағаттың ішінде балам тұрып, "Мама, газдың иісі шығып кетті" деді. Сыртқы есікті ашқаным сол еді, газ жарылды. Балам сол газдың жанында тұрған. Газ сырттан келген құбырдан шықты. Содан есімізді жинай алмай, сыртқа бір-ақ ұшырып шығарды. Көршілерден көмек сұрадық", - дейді Жанар Мәмбетова.
Үй иесі Зинаш Садықова мұнда газ құбырын тарту үшін үш ай бұрын жарты миллион теңге төлеген. Ол төтенше оқиғаға газды қосқан мамандар кінәлі деп отыр.
"Анау қыз хабарласып, "Тәте, үйден газдың иісі қатты шығып жатыр, біз шықсақ мына үйден" деп хабарласты. "Ойбай, онда қазір мен келемін" дедім. Ана жерден газды өшірсе деп ойладым. Ана кісілер өздері көрсетіп кетті ғой, өшірсе болады деп. Соны өшірейін деп келсем, жарылып кеткен ғой", - дейді Зинаш Садықова.
Зардап шеккен әйел мен оның баласы ауруханада жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, 44 жастағы Жанар Мәмбетованың беті, мойны, қолы мен сол жақ иығы күйіп қалған. Ал жансақтау бөлімінде жатқан жас жігіт есін жиғанымен, оның жағдайы әлі де ауыр.
"Әйелдің жағдайы орташа ауыр. Шоктан шықты. Қазір жарақат бөлімінде. Ер азаматқа жасалған ем-шараларының арқасында шокқа қарсы терапияның арқасында жағдайы тұрақтанды, бірақ ауыр. Асқыну белгілері әзірше жоқ. Емін жансақтау бөлімінде жалғастырып жатыр", - деді Іле ауданы орталық ауруханасы директорының орынбасары Нұрлан Әжібеков.
Төтеншеліктер де жарылыстың газ жабдығынан болғанын растап отыр. Мамандар тұрғындарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды тағы өтінді.
"Шақырту орнына келгеннен кейін пәтерлердің бірінде газ жабдығының ақауынан газ ауа қоспасы жарылған. Пәтерлер қирамады. Өрттен 1980 жылы туған анасы мен 2001 жылы туған ұлы жедел жәрдеммен ауруханаға жатқызылды. Өрт сөндірілді, қаза болғандар жоқ. Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті жылыту маусымында қауіпсіздік ережесін сақтауды қатаң ұсынады", - деді Алматы облысы төтенше жағдайлар министрлігі Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Айғаным Мұсекенова.
Үйі түгел қирап қалған Зинаш Садықова енді тағайындалған сараптаманың қорытындысын күтеді. Ол жұмысына атүсті қарағандарды жазалау үшін сотқа шағымданамын деп отыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан