Алматы облысында, Кеген ауылы мен Қырғызстан шекарасына жақын маңда жер сілкінісі тіркелді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Сейсмология институты сайтына сілтеме жасап.
Қырғызстан сейсмологтарының мәліметінше, жер сілкінісі Алматы уақыты бойынша таңғы сағат 8:19-да болған. Магнитудасы – 3.7, ал қарқындылығы – 3.5 балл.
"Жер сілкінісінің ошағы Қазақстан аумағында, Қарқара ауылынан 25 шақырым солтүстік-шығыста және Қаракол қаласынан 95 шақырым солтүстік-шығыста орналасқан. Қырғызстанның елді мекендерінде жер сілкінісі сезілген жоқ", – делінген хабарламада.
Қазақстан ТЖМ "Сейсмологиялық бақылау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы" ЖШС мәліметінше, жер сілкінісінің эпицентрі Кеген ауданында, Қарқара ауылынан 10 шақырым жерде, Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 201 шақырым қашықтықта орналасқан.
"Эпицентрдегі есептелген қарқындылық: сезілмейді", – делінген ведомство хабарламасында.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!