Алматы облысында жеке үйдің ауласына жылан кіріп кеткен

Оқиға Қарасай ауданына қарасты Кемертоған ауылындағы "Таңдаулы Сенім" саяжай маңында болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

112 пультіне хабарласқан тұрғындар аулада жылан жүргенін айтып, көмек сұраған.

Шақырту орнына жеткен құтқарушылар алдымен жағдайды бағалап, кейін арнайы жылан ұстауға арналған құралдың көмегімен ұстады. Одан кейін жылан тұрғын үйлер мен адамдар жүретін аумақтан алыс жерге жіберілді.

ТЖМ мәліметінше, мұндай шақыртулар әсіресе жылы мезгілде жиілейді. Себебі күн ысыған кезде жыландар белсенді болып, кейде үй маңындағы аумақтарға, қора-қопсыға немесе шаруашылық нысандарына кіріп кетуі мүмкін.

Құтқарушылар жыланды көрген жағдайда оны өз бетіңізше ұстауға немесе қуып жіберуге болмайтынын ескертеді. Мұндай кезде сабыр сақтап, қауіпсіз арақашықтық ұстану керек. Балалар мен үй жануарларын жыланға жақындатпаған жөн.

Егер жылан қауіп төндірсе, дереу 112 нөміріне хабарласу қажет.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!