- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматы облысында жас...
Алматы облысында жас қызды бұрынғы жігіті өлімші етіп сабап, бетін пышақпен тілгілеп тастаған
Талғар ауданында жас қызды бұрынғы жігіті қатты соққыға жыққан. Қыз ауыр жарақаттармен ауруханаға түсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"2023 жылдың 3 қаңтарында сағат 23:00 шамасында сіңлімнің бұрынғы жігіті оны үйінен алып кетіп, "әке-шешең мен әпкелеріңе менімен сөйлескеніңді айтсаң, өлтіремін" деп қорқытып, қала сыртына шығарған. Алатау тасжолының бойында көлікте қызды ұрып-соғып, мұрнын сындырып, бетін пышақпен тіліп, шешіндіріп суретке түсіріп, оны әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған. Біз барлығын сол жігіттің парақшасынан көрдік. 01:30-да патрульдік полицияға қоңырау шалдық. Оларға жағдайды түсіндірдік, кейін жедел жәрдем шақырдық.
Жедел жәрдем келіп, алғашқы медициналық көмек көрсетті, патрульдік полиция оны іздеуге шықты. Сіңлім облыстық Талғар ауруханасына жатқызылды. Біз ауруханада болғанымызда тергеушілер келді. 04.01.2023 жылы таңертең қылмыскер ұсталды, қазір Талғар аудандық полициясында қылмыстық іс қозғалды", - дейді зардап шеккен қыздың туысы.
Туыстарының айтуынша, бір жарым жыл бұрын күдікті жәбірленушіге дәл осындай дене жарақатын салыпты. Алматы қаласында арыз да жазылыпты. Алайда жағдай өзімен-өзі шешіліп кеткен көрінеді.
"Біз оның барлық заңнамалық шаралар бойынша жазалануын және бәрі әділ шешілгенін қалаймыз. Біздің құқық қорғау органдары барлық шараларды қабылдайды деп үміттенеміз", - дейді зардап шегушінің туысы.
Талғар аудандық полициясы жарақат алған қыз қазір медициналық мекемеде екенін растады.
"2001 жылы туған күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Мән-жайды анықтау полиция қызметкерлеріне жүктелді. Тергеу барысында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның нақты мән-жайы анықталады. Қылмыстық іс бойынша тергеу барысы ПД басшылығы бақылауға алынды", - делінген полиция хабарламасында.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Г. Досымшалова