Алматы облысы Қарасай ауданы полициясында кісі өлтіру дерегі бойынша тергеу басталды, - деп хабарлайды Elitar.kz.
Басылым мәліметінше, "Алтын Орда" базарында жұмыс істеген екі ер адам ішімдік ішкен, оның арты жанжалға ұласқан. Ал 2 шілдеде Алматы - Бішкек тасжолының 18-шақырымынан екі ер адамның бірі - 35 жастағы жергілікті тұрғынның мәйіті табылған. Марқұмның денесінен зорлық-зомбылық белгілері анықталған.
"Жәбірленушіден екі пышақ жарақаты анықталды. Сондай-ақ, оқиға орнынан пышақ табылды. Кісі өліміне қатысты күдікті дереу анықталып, ұсталды. Ол 40 жастағы Қызылорда облысының тумасы болып шықты. Ол жергілікті базарда жұмыс істеген. Ер адам ұсталып, қамауға алынды", - деді Қарасай аудандық полициясы өкілі.
Ведомство өкілі кісі өлімі ер адамдар мас кезде болғанын айтты. Сондай-ақ, ол жанжалдың арты қылмысқа ұласқанын жеткізді.
Бұл іс бойынша тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы (Кісі өлтіру) бойынша жүргізіліп жатыр.