- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматы облысында жантүршігерлік...
Алматы облысында жантүршігерлік жол апатынан төрт бала, екі ересек адам қаза болды
Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында жантүршігерлік жол апаты болып, 6 адам қаза тауып, жарақат алған 4 адам ауруханаға түсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жол апаты 13 қазанда сағат 17.30 шамасында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Mercedes-тің 28 жастағы жүргізушісі Алматы - Көкпек - Көктал тасжолының 69 шақырымында қарсы қозғалыс жолағына шығып, Subaru көлігімен жанамалы соқтығысуға жол берген. Одан әрі басқарудан айырылып, жол жиегіндегі ағашқа соғылған.
Оқиға орнында Mercedes көлігінде болған 6 адам қаза тапты, олардың төртеуі кәмелетке толмаған. Әр түрлі жарақаттармен зардап шеккен тағы 4 адам ауруханаға жатқызылды.
Айта кетейік, 1992 жылы шыққан Mercedes-те 10 адам болған, оның жетеуі кәмелетке толмаған.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері барлық мән-жайды анықтап жатыр. Дерек бойынша қажет сараптамалар тағайындалды. Соталды тергеп-тексеру басталды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Г. Досымшалова