Алматы облысы тұрғыны бұрынғы әйеліне жақындауға тыйым салынғанына қарамастан оған 22 пышақ жарақатын салған. "НеМолчиKz" қоғамдық қорының басшысы Дина Таңсәрі қылмыстың мән-жайын айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қоғам белсендісінің айтуынша, оқиға 3 қыркүйекте Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылында болған. Жәбірленуші - 36 жастағы әйел, оның кәмелетке толмаған екі қызы бар. Ол бұрынғы күйеуімен некеде 17 жыл өмір сүрген. Оның айтуынша, бұрынғы күйеуі 2022 жылы бірнеше рет қастандық жасаған.
"17 жыл некеде адал, сүйікті жар, жақсы үй иесі әрі ана болдым. Мен оған барлық жағынан көмектесуге тырыстым. Бірақ кейінгі екі жылда күйеуім өзгеріп кетті, ол ақылынан алжасқандай күйге ұшырады. Тозақта өмір сүрдім, күйеуім ішті, жанжал шығарды, мені үнемі қорлап, бақылап, қорқытып жүрді.
Ол 2022 жылғы 2 ақпанда ешқандай себепсіз мені соққыға жығып, тіпті мылтықтан оқ атты. Осы кезде енем келіп, мылтықты қағып үлгерді, оқ қабырғаға тиді. Ол кезде полицияға арыз жазған жоқпын, бірақ бірден ажырасуға өтініш бердім. 19 мамырда сот болып, ажырастық. Ол 24 маусымда маған тағы да шабуыл жасап, тұншықтыруға тырысты. Содан кейін полицияға арыз жаздым, оны тіркеуге алып, маған жақындауға тыйым салды", - деді ол.
Әйелдің айтуынша, 3 қыркүйекте ол анасымен бірге бұрынғы күйеуімен бірге тұрған үйге келген. Жәбірленуші заттарын алмақшы болған.
"Сол кезде ол үйге жүгіріп кіріп, маған пышақпен шабуыл жасады. Мені анамның көзінше пышақтап тастады. Ол оны тоқтатпақ болды. Маған барлығы 22 рет пышақ жарақатын салды, оның ішінде үшеуі терең, өкпе мен бауырға кірген. Алланың, дәрігерлердің арқасында аман қалдым. Кеше жансақтау бөлімінен палатаға, хирургия бөліміне ауыстырды. Енді туыстары оның жазасын жеңілдету үшін барын салады. Бұған олардың байланысы мен ақшасы жетеді", - дейді әйел.
Полицейлер бұл дерек Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 1-бөлігі "Адам өлтіруге оқталу" бойынша тіркелгенін айтты.
"Қазір істің барлық мән-жайын жан-жақты, толық зерттеуді қамтамасыз ету мақсатында сараптамалар тағайындалып, барлық қажет тергеу әрекеті жүргізіліп жатыр.
Күдікті дер кезінде қамауға алынды. Қылмыстық істің тергеу барысы басшылықтың бақылауына алынды", - деді Алматы облысының Полиция департаменті өкілдері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!