Алматы облысында ХҚКО қызметкері қызметтік көлікпен адам қағып кеткен

Алматы облысында ХҚКО қызметкері қызметтік көлікпен адам қағып кеткен
Фото: Tengrinews.kz

Алматы облысында қызметтік көлікпен адам қағып кеткен "Азаматтарға арналған үкімет" филиалының қызметкері ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл ақпарат алғашында әлеуметтік желіде жарияланды. Жазбада "ХҚКО қызметкері қызметтік көлікпен адам қағып, оқиға орнынан кетіп қалғаны" айтылған.

Алматы облысы Полиция департаменті адам өліміне әкеп соққан жол апаты болғанын растап, 26 жастағы жүргізуші ұсталғанын хабарлады.

Полицияның алдын ала мәліметінше, оқиға 11 тамызда сағат 20:00 шамасында Еңбекшіқазақ ауданындағы Алматы - Шелек - Қорғас - Байсейіт тасжолында болған.

"Kia Sorento көлігінің жүргізушісі белгіленбеген жерден жолды кесіп өтпек болған 77 жастағы әйелді қағып кеткен. Жаяу жүргінші алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды", - деді полиция.

Жол апатынан кейін жүргізуші қашып кеткен. Полиция қызметкерлері оның кім екенін анықтап, қамауға алған. Қазір тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр.

Мемлекеттік корпорация көлік тізгінінде "Азаматтарға арналған үкіметтің" Алматы облыстық филиалының қызметкері болғанын және Kia Sorento көлігі қызметтік көлік екенін растаған. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget