- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматы облысында газ...
Алматы облысында газ тарифі неге қымбат?
Бұдан бірнеше күн бұрын Шамалғанда газ бағасына қатысты дау шықты. Тұрғындардың айтуынша, "Сигма Газ" компаниясы газ бағасын тағы өсірген. Алматы мен облыс аудандарында газ бағасы қанша? Әр үйге жылу кіргізу үшін қанша шығын кетеді? Massaget.kz тілшісі бұл сұрақтардың жауабын іздеп көрді.
Дау неден туындады?
9 қаңтарда Шамалған, Жандосов және Әйтей ауылдық округтерінің тұрғындары "Сигма Газ" компаниясының жұмысына және газ тарифінің өзгеруіне наразы болып, Шамалған ауылына жиналған.
Бұған қатысты Қарасай ауданы әкімдік өкілдері пікір білдірді.
"Желтоқсанда газ тұтыну құны 1,5-2 есеге өсті. Шамалғанда газ тарифі текше метріне 34,75 теңге, ал Қаскелеңде - 26,89 теңге. Тұрғындар бұған наразы", - деді әкімдіктегілер.
Олардың айтуынша, жұрт наразылығынан кейін компания жұмысын тексеру үшін жұмыс комиссиясын құру туралы шешім қабылданды.
Ауыл тұрғындары газ бағасының былай күрт өсуіне наразы. Олар газ кіргізу құны сәуірде 400 мың болса, желтоқсанда 600 мыңға дейін көтерілгенін айтады.
"Біз газды сәуірде 425 мың теңге төлеп кіргіздік. Қазір оның құны 620 мыңнан асып кетті деп естідім. Күзде газ кіргізгендер осынша төлеген", - дейді Үштерек ауылының тұрғыны Құндыз Елеуова.
Ал жақында ғана газ қондырған Әйтей ауылының тұрғыны Сәндібек Алмабекұлы бұл қызмет әр үйге 600 мың теңгеге шақ келгенін айтты.
"Сигма Газ" компаниясының басшысы Василий Прокофьев газ бағасының өсуіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, газ бағасының әртүрлі болуы - заңды. Оған құрылыс, монтаж және іске қосу құны, сондай-ақ, материалдар мен дизайн бағасы кіреді.
"Біздің компания үйлерге газ кіргізу кезінде тұрғындарға қаржы жағын барынша жеңілдетуге тырысады. Мәселен, Шамалған ауылындағы үйлер. Құрылыс-монтаж жұмыстарын есептеудің негізгі бағдарламалық құралы ретінде Қазақстан Республикасында бекітілген АВС бағдарламасы бойынша есептесек, онда сома 1 миллион 24 мың теңге болады. Себебі дәл осы мекенжайға тарататын газ құбырының 150 метрін тарту керек. Бірақ іс жүзінде тұтынушымен 620 мың теңгеге келісімшарт жасалды. Біз бәрін түсінеміз, сондықтан шығындардың негізгі бөлігін азайтуға тырысамыз. Бұл мәселе Алматы облысының әкімдігі деңгейінде көтерілді. Қолданыстағы құбырдан үйге дейін 25 метрден аспайтын арақашықтыққа газ жүргізген кезде 169 мың теңге көлемінде төлем алу ұсынылған хат жолданды. Бірақ бұл - іске қосу жұмыстары мен өлшеуіш қондырғысыз есептелген шығын", - дейді компания басшысы.
Тариф кәсіпорынның нақты шығындарын есептегенде шығады, ал оны монополияға қарсы комитет бекітеді. Мұның бәрі тұтынушылардың санына, желі ұзақтығына байланысты. Сондықтан барлық компанияның тарифі әртүрлі.
Алматы облысын басқа қандай компаниялар газбен қамтамасыз етеді?
Олардың қызметі қанша?
"Сигма Газ" компаниясы Қарасай ауданындағы Шамалған, Жандосов, Шалқар, Қайрат, Еңбекші, Құмарал, Үштерек елді мекендерінде, сондай-ақ, "Арай" және "Дархан" саяжайларында газбен қамтиды. Бұл компанияда газдың бір текше метрі үшін тарифі - заңды және жеке тұлғалар үшін ҚҚС есебімен 34,75 теңге. Айта кетейк, бұл тариф 2021 жылғы қарашада Алматы облысы бойынша Табиғи монополиялар департаментінің бұйрығымен бекітілген.
"Сигма Газ" компаниясынан басқа, Алматы облысына газды "Тәуекел" ЖШС, "Алматыгазсервис-Холдинг" АҚ және "ҚазТрансГаз Аймақ" компаниялары өткізеді.
"ҚазТрансГаз Аймақ" мәліметінше, Алматы бойынша тариф 1 қаңтардан бастап, ҚҚС-ны есепке алмағанда 23,32 теңге, ҚҚС-ны қоса есептегенде 28,32 теңге. Ал Алматы облысында ҚҚС-ны есепке алмағанда 23,81 теңге, ҚҚС-ны қоса есептегенде 28,47 теңге.
"Алматыгазсервис-Холдинг" компаниясында жеке тұлғалар үшін газ тарифі текше метріне - 26,89 теңге (ҚҚС-ны қоса есептегенде). Заңды тұлғалар үшін газ тарифі текше метріне - 38,81 теңге (ҚҚС-ны қоса есептегенде).
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек