Алматы облысында ер адам ұлын миы шайқалғанша ұрған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Алматы облысының прокуратурасына сілтеме жасап.
Алматы облысының прокуратурасы Полиция департаментімен және облыс әкімдігімен, басқа да мүдделі органдармен бірлесіп, "Бақытты және қауіпсіз балалық шақ" жобасын іске асырып жатыр.
Қонаев қаласында және әр ауданда мобильді топтар құрылған. Оның мақсаты - қауіп төнген немесе зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларды анықтау.
Мобильді топтар бір айда 869 отбасын, оның ішінде полиция және пробация органдарында есепте тұрған 284 адамды, қолайсыз, толық емес және аз қамтылған 254 отбасын, балалар өгей әкелерімен бірге тұратын 331 отбасын аралап шығыпты.
"Жоба аясында 8 қылмыстық іс қозғалды, 73 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 27 бала ата-анасынан алынды, сотқа ата-ана құқығын шектеу туралы 9 талап арыз берілді. Мысалы, аудандардың бірінде өгей әкесі 8 жастағы өгей баласын қайыр сұрауға мәжбүрлегені анықталды. Бала жыл бойы қайыр сұрап, жиналған ақшаға өгей әкесіне алкоголь сатып алған", - делінген хабарламада.
Бұл дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 133-бабының 3-бөлігі бойынша соталды тергеу басталды.
Сонымен қатар, тағы бір әке баласын миы шайқалғанша ұрған.
"Кәмелетке толмаған бала "бас миының жарақаты, мидың шайқалуы" диагнозымен ауруханаға шұғыл жатқызылды. Әкесіне Қылмыстық кодекстің 140-бабының 2-бөлігі бойынша соталды тергеу басталды", - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында аштықтан сөйлей алмай қалған бала табылғаны хабарланды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!