Алматы облысында Іле ауданының бұрынғы әкімі Бағдат Қарасаевқа қатысты дау тудырған іс бойынша үкім шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұрынғы әкімге және басқа да айыпталушыларға қатысты іс Қылмыстық кодекстің жеті бабы бойынша қаралды.
Сот отырысы барысында Қарасаевқа тағылған айыптар жан-жақты қаралды. Ол заңсыз әрекеттерді Талдықорған әкімі, кейіннен Іле ауданының әкімі қызметін атқарып жүрген кезінде жасағаны айтылды.
Іс материалдарын қараған сот Бағдат Қарасаевқа қатысты үкім шығарып, бір эпизод бойынша кінәсіз, ал басқа баптар бойынша кінәлі деп таныды.
Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы ("Алаяқтық") бойынша Қарасаев ақталды. Сот оның әрекеттерінде қылмыстық құқықбұзушылық құрамының жоқ екенін анықтады.
Сонымен қатар, сот оны ҚК-нің 361-бабы 3-бөлігі ("Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану") және 364-бабының 3-бөлігі ("Кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу") бойынша кінәлі деп таныды. Нәтижесінде Бағдат Қарасаев 3 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Сондай-ақ сот Бағдат Қарасаевты "Парасат" және "Құрмет" ордендерінен айыру туралы Президентке ұсыныс енгізу жөнінде қаулы қабылдады.
Бағдат Қарасаевты былтыр күзде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұстаған болатын. Прокуратура мәліметінше, ол кезде әкім қызметін атқарған Қарасаевтың Іле ауданындағы қоқыс полигонының қызметіне жүргізілген бірлескен тексерудің нәтижесінде ұсталғаны айтылған. Антикор дерегінше, ол "қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) полигонын сенімді басқару құқығын өзімен аффилирленген компанияға беру арқылы қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды" деп күдікке ілінген.
Сондай-ақ, ол өз өкілетін асыра пайдаланды деп күдікке ілінді.
"Қылмыстық схемаға аудандық қаржы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің басшыларын тартқан. Келісімшарт бойынша көзделген қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату міндеттемелері орындалмаған, ал компанияның кірісі оның жеке басына бағытталған", – делінген Антикор хабарламасында.
Бағдат Қарасаев 2018 жылдың қыркүйегінен бастап Алматы облысы Іле ауданының әкімі қызметін атқарған.
Әр жылдары ол кәсіптік-техникалық училищеде директордың орынбасары, директоры, "Алаколь-Агро" ЖШС, "ТSС-Агро" ЖШС, "Тау-Самал Ltd" компаниясы және "Қайынды" ЖШС директоры болған, сондай-ақ Алакөл ауданы әкімінің орынбасары, Алакөл ауданының әкімі, Алматы облысы әкімі аппаратының басшысы қызметтерін атқарған.
2015 жылдан 2018 жылдың мамырына дейін Талдықорған қаласының әкімі болған, кейін Алматы облысы әкімінің кеңесшісі қызметіне тағайындалған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!