- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматы облысында дәл...
Алматы облысында дәл зират маңынан зауыт салынып жатыр
Алматы облысының тұрғындары дәл зират жанынан зауыт салып жатқан құрылыс компаниясына шағым айтты. Күндіз-түні жұмыс істейтін ауыр техниканың кесірінен молаларға зақым келіп жатыр. Кейбірі опырылып, енді бірі құлап қалған. Құрылыс компаниясы молаға кірер жалғыз жолды да жауып тастапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
"Зираттың ішін өзіміз түгел ретке келтірдік. Әй-шәй жоқ, соңында жердің иелері пайда бола қалды. Мүрделердің жаны қалай жекеге өтуі мүмкін? Үлкен техникалардың жұмысынан мүрделер опырылып жердің астына кетіп жатыр. Иә, бұл жерде қайтыс болған адамдар жатыр, бірақ олар біздің жақындарымыз ғой", - дейді Алматы облысының тұрғыны Елена Брюзгина.
Құрылыс пен зираттың арасы бірнеше метр. Компания молаға кірер жалғыз жолды да жауып тастапты.
"Зиратқа кіру, адамдарды жерлеу қиындап кетті. Кішкентай ғана тесікке ешкім сыймайды. Өрт сөндіру көліктері кіре алмайды. Қоршаудың кесірінен полицейлер де күзете алмай жүр. Ақыры неше түрлі нашақор, маскүнемдер жиі жиналады", - дейді Алматы облысының тұрғыны Алексей Павленко.
Әкімдіктегілер жер иесінің қолында зауыттың құрылысын бастауға құжаты бар деп отыр, бірақ санитарлық талаптардың сақталмағанын растады, яғни құрылыс жұмысы зираттан 300 метр қашықтықта жүргізілуге тиіс.
"Аван құрылыс" компаниясы ғой деймін. Немен айналысатынын білмедім. Әлі салынып біткен жоқ. Қараңыз, мынау жер, қоршау жеке компаниянікі. Қазір ашып беремін дейді. Қоқыстарын жинап, жауапты адамды қойсын дейді. Өйткені өрт қауіпсіздік шараларын сақтасын дегендей", - дейді Іргелі ауылы округі әкімінің орынбасары Амантай Терлікбаев.
Тұрғындар егер құрылыс компаниясы жолды ашпай, әлі де жұмысын тоқтатпаса, сотқа жүгінеміз деп отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан