Алматы облысында Іле ауданының бұрынғы әкімі Бағдат Қарасаевқа қатысты сот басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Tengrinews.kz басылымының ресми сауалына берген жауабында Алматы облысының прокуратурасы мәлімдеді.
"Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті Іле ауданының экс-әкімі Қарасаев Б.Ә. және өзге де тұлғаларға қатысты соталды тергеп-тексеруді аяқтады. 2025 жылғы 31 наурызда Қарасаев Б.Ә. және тағы үш айыпталушы ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 305-бабына сәйкес Алматы облысы Іле аудандық сотына қылмыстық істі мәні бойынша қарауға берілді", – деп жазылған прокуратура хабарламасында.
Экс-әкім не үшін айыпталып отыр?
Бағдат Қарасаевты былтыр күзде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұстаған болатын. Прокуратура мәліметінше, ол кезде әкім қызметін атқарған Қарасаевтың Іле ауданындағы қоқыс полигонының қызметіне жүргізілген бірлескен тексеріс нәтижесінде ұсталғаны айтылған. Антикор дерегінше, ол "қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) полигонын сенімді басқару құқығын өзіне аффилирленген компанияға беру арқылы қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды" деген күдікке ілінген.
"Қылмыстық схемаға аудандық қаржы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің басшыларын тартқан. Келісімшарт бойынша көзделген қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату міндеттемелері орындалмаған, ал компанияның кірісі оның жеке баюына бағытталған", – деп жазылған Антикор хабарламасында.
Сотта Қарасаев пен өзге де айыпталушыларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің мына 7 бабы бойынша қылмыстық іс қаралып жатыр:
- 189-бап – "Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе ысырап ету"
- 190-бап – "Алаяқтық"
- 324-бап – "Шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптарды бұзу"
- 361-бап – "Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану"
- 362-бап – "Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану"
- 364-бап – "Кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу"
- 369-бап – "Қызметтік жалғандық жасау".
Бұрынғы әкім Қарасаев қазір қайда?
Прокуратура мәліметінше, Бағдат Қарасаев қамауда және ІІМ ҚАЖК-нің №72 мекемесінде отыр.
Бағдат Қарасаев туралы не белгілі?
Бағдат Қарасаев 2018 жылы қыркүйектен бастап Алматы облысы Іле ауданының әкімі қызметін атқарған.
Әр жылдары ол кәсіптік-техникалық училищеде директордың орынбасары, директоры, "Алаколь-Агро" ЖШС, "ТSС-Агро" ЖШС, "Тау-Самал Ltd" компаниясы және "Қайыңды" ЖШС директоры болған, сондай-ақ, Алакөл ауданы әкімінің орынбасары, Алакөл ауданының әкімі, Алматы облысы әкімі аппаратының басшысы қызметтерін атқарған.
2015 жылдан 2018 жылғы мамырға дейін Талдықорған қаласының әкімі болған, кейін Алматы облысы әкімінің кеңесшісі қызметіне тағайындалған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова