Алматы облысында бір жасар бала әпкесімен бірге қоқыс шұңқырына құлап кеткен

Фото: Видео кадры

Алматы облысында Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары қоқыс шұңқырынан екі баланы алып шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқыс оқиға Ұйғыр ауданы Шонжы ауылында болды. Жеке тұрғын үйдің аумағында бір жасар бала екі метрлік қоқыс шұңқырына құлап кеткен. Оның сегіз жасар әпкесі інісін құтқарамын деп, өзі де шұңқырға құлап кеткен. Балалардың ата-анасы дереу құтқарушыларды шақырған.

Келген құтқарушылар балаларды құтқару арқанының көмегімен тез арада шығарып алды. Қуантарлығы, балалар зардап шеккен жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Оралда ер адамның үш метрлік кәріз құдығына құлап кеткенін хабарлаған болатынбыз. Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары оны тез арада шығарып алды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Д. Литпин