Алматы облысында дүкенге балмұздақ алуға шыққан бір үйдің екі бірдей баласын көлік қағып мерт қылды. 14 жастағы Ақбота мен оның төрт жастағы сіңлісі Қазына кешқұрым уақытта жолдың арғы бетіне, жаяу жүргіншілерге тиесілі емес жерден өтпекші болған. "Мерседес" мінген ер адам қыздарды қатты жылдамдықпен келіп соғып, бірнеше метр жерге ұшырып жіберген. Екі бала оқиға орнында жан тапсырған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Жантүршігерлік апат Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы "Алтын адам" аллеясында болған. 14 жастағы қыз бен оның төрт жасар сіңлісі жолдан өтіп бара жатқан. Көлік қатты жылдамдықпен балаларды қағып кеткен. Бұл жерде бағдаршам, жаяу жүргіншілер өткелі немесе жылдамдықты тежеу туралы ескерту белгісі жоқ.
Куәгерлердің айтуынша, марқұмдар үйдің жанындағы дүкеннен балмұздақ алып, белгіленбеген жерден жолды кесіп өтпекші болады. Алайда көлік қатты жылдамдықпен келіп қаққан. Тұрғындар дереу жедел жәрдем шақырып, алғашқы көмек көрсеткенімен, қыздарды аман алып қала алмадық дейді.
"Менің естігенім бойынша, балмұздақ алған екі қыз, біреуі тоғызды бітірген, біреуі төрт жастағы қыз. Сонан кейін анау жерде отырып, балмұздақ жейміз деген. Сонан кейін мына жақтан бір жеңіл көлік келді, қатты жүріп келді дейді. Екеуі сол жерде жан тапсырды деп айтып жатыр. Екеуі бір үйдің қызы, басқа баласы жоқ екен дейді", - дейді Айткүл Сейдабуллаева.
Жақындары "теміржолшы боламын" деген 14 жастағы Ақботаның ажалы темір тұлпардан болғанына әлі де сене алмай отыр. Қайғыдан қан жұтқан отбасы қыздарының денесін кеше жер қойнына тапсырған.
"Тоғызды бітірген, енді "оқуға түсемін" деп мамандық таңдап жүрген. "Темір жолға түсемін" деп жүрген, пойыздарда деп. Анам екеуі де үйде болған негізі. Сол, 10-15 минуттың ішінде сондай хабар келген ғой, шығып кеткеннен кейін", - дейді әпкесі Мөлдір Құрбанбаева.
Тұрғындардың айтуынша, бұл — қаладағы ең қауіпті жолдардың бірі, осында жол апаты жиі болады. Олар түнде жүргізушілер жаяу жүргіншілерді көрмейтінін айтып, тас жолды жарықтандыруды, "Сергек" камераларын орнатуды талап етіп отыр.
"Негізі мына жерге бір жүргіншілер жолын салып қойған дұрыс деп ойлаймын. Біздің көшеде де, көптеген кішкентай бала бар. Кеше ғана жүгіріп ойнап жүрген қыздар еді. Жанымыз ашиды. Ата-анасына қайғырып көңіл айтамыз", - дейді көршісі Фариза Ерсәлиева.
"Енді балалармен көшеден өтудің өзі қиын. Мен өзім өтетін болсам, сол машиналарға қолымды көтеріп, "тоқтап тұр, айналайын" деп зорға өтемін. Көшеде, мысалы, үлкен адам жүріп шаршайды, отыратын орындық та жоқ біз жағында, жаяу жүргінші жолы да жоқ. Үлкен көшеде балалар толып жүреді. Сол үшін осындай келеңсіздіктер болып тұр", - дейді Арзыгүл Есіркепова.
Балаларды қаққан көлік жүргізушісі осы ауылдың тұрғыны екен. 33 жастағы тұрғын бірден қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалған.
"Апат салдарынан кәмелетке толмағандардың екеуі де оқиға орнында қайтыс болды. Автакөліктің жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жол-көлік оқиғасы бойынша қажетті сараптамалар тағайындалып, қылмыстық іс қозғалды", - деді Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі Меруерт Морякова.
Ал жүргізушінің рөлге масаң күйде отырды ма, жоқ па, оны сараптама анықтайды. Қазір ол ҚР ҚК 345-бабы, яғни "Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу" дерегі бойынша тергеліп жатыр.
Айта кетейік, марқұм Ақбота мен Қазына бір үйдің кенжелері болған. Енді артында қара жамылып туған екі ағасы мен бір әпкесі, ата-анасы қалды. Қайғыдан қан жұтқан отбасы тергеудің әділ өтуін талап етіп отыр.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!