Алматы облысында автобус жолаушыларын құтқарған 8-сынып оқушысына ноутбук сыйға берілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға кеше, 22 қарашада Өтеген батыр қалашығында болған. Әлия Әбілсейітқызы есімді Желі қолданушысының сөзінше, автобус жүргізушісінің жүрегі ұстап, автобусты тоқтата алмай қалған. 8-сынып оқушысы Ақжол еш ойланбастан көмекке жүгіріп, автобусты тоқтатып үлгеріпті.
Алматы облысының әкімдігі бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
"Алматы облысы Іле ауданында автобуста отырған адамдарды құтқарып қалған мектеп-лицейдің сегізінші сынып оқушысы нағыз батыр болды. Жүргізуші жүрек ұстамасына байланысты көлікті басқара алмай қалғандықтан жігіт тез әрекет жасап, тежегішті басып, автобусты тоқтатты. Куәгерлердің сөзінше, оқушы жедел қозғалмағанда автобус жақын маңдағы ғимаратқа соқтығысар еді. Аман қалған жолаушылар алғысын айтты", - деді облыс әкімдігінің өкілдері.
Көп балалы отбасынан шыққан балаға ерлігі үшін марапат ретінде ноутбук сыйға берілген.
"Бүгін автобусты тоқтатқан кешегі баланы әкім құттықтады", - делінген жазбада.
Публикация от Нуржан Хамзаев (@gres_big_family)
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!