- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматы облысында әуе...
Алматы облысында әуе шарлары фестиваліндегі өртсөндірушілердің әрекетін көпшілік сынға алды
Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі әуе шарлары фестивалінде өрт сөндіру техникасы мақсатына сай қолданылмады деген сынға жауап берді. Мұндай пікірлер әлеуметтік желіде жарияланған видео сипаттамасында жазылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде фестивальға келгендердің үстіне өрт сөндіру көлігінен су шашылып жатқанын көрсететін видео тарады.
Кейбір қолданушылар өрт сөндіру құралдары мақсатына сай пайдаланбағанына наразы болған.
"Шарлар фестивалі өтетін жерге өрт сөндіру автокөліктерін тарту мәселесі бойынша, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шарада Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің екі өрт сөндіру автокөлігі кезекшілікте болғанын түсіндіреміз.
Ауа температурасының жоғары болуына байланысты, жаппай күн өту жағдайының алдын алу үшін дәрігерлердің ұсынысы бойынша ұйымдастырушылар жиналғандарды салқындату үшін жасанды жаңбыр жасауды ұйғарды", - деп түсіндірді ТЖД өкілдері.
Сондай-ақ, департамент су бір көліктен шашылғанын, ал екінші көлік төтенше жағдайға дайын болғанын түсіндірді. Сумен қамтуды шараны ұйымдастырушылар жүргізген.
Сол күні "Қазгидромет" РМК мәліметінше, облыста ескерту жасалған, оған сәйкес Алматы облысының басым бөлігінде күндіз 35-39 градус ыстық болғаны айтылды. Өрт қаупі сақталған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Д. Шәріпхан