Алматы облысында анасы мүмкіндігі шектеулі баласын ұрып өлтірді

Алматы облысында анасы мүмкіндігі шектеулі баласын ұрып өлтірді
Фото: depositphotos.com

Алматы облысы Боралдай ауылында жантүршігерлік оқиға болды. 2 қазанда әйел өзінің кәмелетке толмаған мүмкіндігі шектеулі баласын өлімші етіп сабаған. Қайғылы жағдайдың себебі мен мән-жайы әлі анықталып жатыр, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері күдіктіні дереу ұстады. Анасы уақытша ұстау изоляторына қамауға алынып, тергеу басталды. Қылмыстың нақты себептері мен мән-жайлары әлі белгісіз.

Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты былай деп мәлімдеді:

"Бұл дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазір қылмыстың барлық мән-жайын объективті зерттеуге бағытталған қажет тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", – делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында тағы бір жантүршігерлік жайт болған еді. 17 наурызда үш жасар Айя-София Алматы облысының Күш ауылында жоғалып кеткен болатын. Қызды бірнеше ай іздеді, бірақ еш нәтиже болмады. Шілденің соңында полицейлер жоғалған балаға тиесілі болуы мүмкін сүйек қалдықтарын тапты. Алматы облысының Полиция департаменті қызды өлтірді деген күдікпен кім ұсталғанын мәлімдеді. 

Шілде айында адам сүйектері табылған кезде полицейлер қылмысқа күдіктілердің ұсталғанын айтты, бірақ олардың кімдер екенін хабарламады. Қазір баланың анасы мен онымен бірге тұратын адамның ауыр қылмыс жасады деген күдікпен қамауға алынғаны белгілі болды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Н. Ынтымақұлы