Алматы облысы Қарасай ауданы Жармұханбет ауылында мас ер адам өзінің келінін зорламақ болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы адвокат, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Айман Омарова Facebook парақшасында жариялады. Жәбірленушінің туыстары комиссия мүшесінен араша сұраған екен.
Омарованың айтуынша, түнгі уақытта алты баланың анасын күйеуінің туған ағасы зорламақ болған. Келіншек қашуға әрекет еткен сәтте ер кісі ұлымен бірге келінін ұрып-соққан. Ауыр соққы алған әйел ауруханаға жатқызылған. Операция арқылы келіншектің көк бауырын алып тастауға тура келіпті.
Келіншектің жағдайы ауыр. Үлкен баласы 13-те, кенжесі 1,5 жасар.
Айман Омарова желі парақшасында жаны қиналған жәбірленуші келіншек көмек сұраған сәтінің видеосын да жариялады.
"Мен екеуінің де жауапқа тартылғанын қалаймын. Әкесі ұрып-соғып қана қоймай, мені зорламақ болды. Ол да кінәлі. Төсек тартып жатырмын. Балаларымды көргім келеді, оларға не боп жатқанын білмеймін. Балаларымның менен басқа ешкімі жоқ", - дейді видеода әйел.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!