Алматы облысында алаяқтар танымал спортшының бейнесін пайдаланған

Алматы облысында алаяқтар танымал спортшының бейнесін пайдаланған
Фото: instagram.com/olegtaktarov_official

Алматы облысында алаяқтар UFC спортшысы Олег Тактаровтың бейнесін пайдаланған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Полиция қызметкерінің телефонына өзін Ұлттық банк қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адамдар хабарласып, тіркелмеген есепшоттар барын айтып, қаражатты "заңдастыруға" көндірмек болған.

Олардың сөзіне күмәнданған әйел әңгімені тоқтатқан, алайда алаяқтар қысымды күшейтуге тырысып, бейнеқоңырауға жалған арнайы қызмет өкілін қосқан. Оның сырт келбеті танымал ресейлік спортшы, жекпе-жек шебері әрі актер Олег Тактаровқа ұқсас болған.

"Танымал адамның бейнесін қолдану жәбірленушінің сеніміне кіріп, психологиялық әсер етуге бағытталған. Алайда полиция қызметкері алаяқтық белгілерін дер кезінде байқап, мұндай жағдайда қалай әрекет ету қажет екенін көрсетті. Кейін күдіктілер әңгімені тоқтатып, қайта хабарласуды доғарған", – деді ведомство өкілдері.

Полицияның мәліметінше, мұндай алаяқтық схемалар бүгінде кең таралып келеді. Алаяқтар дипфейк технологиясын пайдаланып, шынайы бейнеге ұқсас жалған видеолар мен кескіндер жасап, азаматтарды жаңылыстыруға тырысады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget