- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматы облысында 6...
Алматы облысында 6 мың бала қашанға дейін 3 ауысымда оқымақ?
Кемертоған ауылындағы орта мектеп бүгінде шамадан тыс оқушы жүктемесін көтеріп отыр. Бастапқыда 1200 оқушыға арнап салынған мектепте қазіргі таңда 6000-ға жуық бала оқиды. Мектептегі орын тапшылығы мен инфрақұрылымның жеткіліксіздігі білім беру процесіне айтарлықтай әсер етіп отыр - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2017 жылы құрылысы аяқталған бұл мектеп бастапқыда 1200 орынға ғана есептелген болатын. Алайда, осы аумақта басқа мектептердің болмауы салдарынан, жеті бірдей елдімекеннің балалары осы жерге келіп білім алуға мәжбүр. Соның нәтижесінде, мектепте үш ауысыммен оқыту жүйесі енгізілген.
Мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында мектеп өкілдерімен және ата-аналармен сөйлестік. Ата-аналардың сөзінше, мектепте оқушы саны өте көп, десе де жақын маңда өзге мектеп жоқ.
"Балаларымды бұл мектепке екі жылдан бері әкеліп жүрмін. Бала саны өте көп. Одан бөлек басқа ауылдан қатынап оқуға мәжбүрміз. Амал жоқ, жақын маңда басқа мектеп болмаған соң қысылысып оқимыз" – деп пікір білдірді баласын алып кетуге келген ата-ананың бірі Гүлмира.
Мектеп ұжымы оқушылардың көптігіне қарамастан, оқу процесін тиімді жүргізуге тырысып жатқандарын жеткізді. Десе де, бұған дейін Кемертоған ауылындағы орта мектеп баспалдағында орын алған оқушылардың кептелісі жайлы жазған едік. Мектептің инфрақұрылымы оқушы санына сай болмағандықтан, мұндай мәселелер жиі туындайтын көрінеді.
Мәселеге байланысты Алматы облысы білім басқармасының Қарасай ауданы бойынша білім бөліміне ресми сауал жолдадық. Мінбедегілер оқушы санының күрт өсуінің басты себебі – Кемертоған ауылының Алматы қаласына жақын орналасуы және ішкі көші-қонның жоғары деңгейі екенін жеткізді. Бірақ, мектеп жүктемесі осы жылы желтоқсанда жеңілдейтініне уәде берді.
"Кемертоған орта мектебіндегі жүктемені азайту және үш ауысымды оқыту жүйесін жою мақсатында "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында Кемертоған ауылында 1500 орындық жаңа мектеп салынып жатыр. Мектепті ағымдағы жылдың желтоқсан айында ашу жоспарланған", - делінген хабарламада.
Жаңа мектептің ашылуына байланысты, қазіргі Кемертоған мектебін кеңейту қарастырылмаған екен. Жаңа мектеп дер кезінде халық игілігіне пайдалануға берілсе игі!
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Н. Ынтымақұлы