- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматы облысында 4,8...
Алматы облысында 4,8 миллиард теңгеден аса субсидия жымқырылған
Алматы облысында 4,8 миллиард теңгеден аса субсидия заңсыз төленіп, ұрланған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы облысының прокуратурасы облыстың ауыл шаруашылығы басқармасын тексеру нәтижелері бойынша субсидияларды ұрлаудың, оларды заңсыз төлеудің және шаруаларға "таңдау әдісімен" төленген жүйелі схемаларын анықтады.
Субсидиялау саласындағы заңбұзушылықтар сомасы 4,8 миллиард теңгеден асты.
Прокуратураның қадағалау актісі бойынша өтеу процесі басталып, бүгінде бюджетке 110 миллион теңге қайтарылды.
"Ауылдардағы әлеуметтік-өндірістік кооперативтер асыл тұқымды жануарларды алу мақсатында селекциялық жұмыстарға арналған 1,2 миллиард теңге субсидияны ұрлаған. Іс жүзінде бұл жұмыстар орындалмай, құжаттар ресми түрде ресімделіп, облыста асыл тұқымды мал саны ұлғайтылмаған. Облыс әкімдігінің деректері бойынша асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Асыл тұқымды қойларды селекциялау бағдарламасын іске асыру нәтижелері бойынша 4 жылда олардың саны 1,9 миллионға дейін ұлғайтылды. Алайда деректер тек қағаз жүзінде қалды, прокурорлық тексеру облыс бойынша асыл тұқымды қойлардың саны небәрі 367 мың бас екенін көрсетті", - деп жазылған хабарламада.
Ал Ұйғыр ауданында тіркелген жануарлар жоқ болса да 2023 жылы селекциялық жұмыстарды жүргізгені үшін 45,2 миллион теңге сомасына субсидия алды. Субсидия алған кезде бұл кооператив өзінің жеке ауласы ретінде Ұйғыр ауданыны тұрғындарының ауылшаруашылық жануарларын тіркеген.
Әкімдік мал басының нақты сақталуына мониторинг жүргізбегендіктен, мемлекеттік бюджетке залал келтіріліп жатыр.
Бұл деректер бойынша сотқа дейінгі 5 тергеу басталып, заңсыз төленген субсидияларды қайтаруға 3 ұсыныс енгізілді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова