1 қыркүйек – Білім күні Алматы облысында «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынған 3 мектеп пайдалануға берілді. Жаңа мектептер Іле, Еңбекшіқазақ және Көксу аудандарында ашылды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінен.
3 мектептің бірі Іле ауданына қарасты Боралдай кентінде орналасқан. Бұл 600 орындық заманауи үлгідегі жаңа мектеп ауылдағы үшауысымда оқытуды жоюға мүмкіндік береді. Қуаныш иелерін облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов құттықтады.
- Құрметті ата-аналар, ұстаздар мен оқушылар! Сіздерді шын жүректен бүгінгі Білім күнімен құттықтаймын. Бүгінгі күн баршамыз үшін қос қуаныштың үйлескен сәті. Себебі, Сіздер бүгін жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастағалы отырсыздар. Мемлекет басшысы білім – кемел болашақтың негізі, сол себепті өскелең ұрпақтың жан-жақты білім алып, дамуы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалуда. Әрдайым алғыр, оқуларыңда озат, қашанда жаңа ойлар мен озық идеялардың бастамашысы болып жүре берулеріңе тілектеспін, - деп атап өтті Лаззат Тұрлашов.
Осыдан кейін мектептің қызыл лентасы салтанатты түрде қиылып, қонақтар мен шараға қатысушылар ғимарат ішін аралап, оқу кабинеттерін қарап шықты.
Бұл мектептің құрылысына Ұлттық қор мен жергілікті бюджет қаражаты есебінен 1623,9 млн. теңге қаражат жұмсалған.
Бүгін сондай-ақ үшауысымды ескі мектептің орнына бой көтерген 300 орындық жаңа мектеп Еңбекшіқазақ ауданының Азат ауылында ашылды. Нысанның жалпы құны – 778,1 млн. теңге. Мектеп Ұлттық қор мен жергілікті бюджеттен қаржыландырылған.
Тағы бір жаңа мектеп Көксу ауданына қарасты Жамбыл ауылында ашылды. Онда 120 оқушы білім алатын болады. Білім ордасы жергілікті бюджет қаражатына салынған. Жалпы құны – 438, 4 млн. теңге. Бұрыңғы ауыл мектебі мектепке бейімделген ғимаратта орналасқан еді.
Осылайша, мемлекеттік бағдарламаның арқасында облыстағы үшауысымды мектептер саны азаюда.
Дереккөз: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі