Қарасай ауданына қарасты Долан ауылында 200 оқушы жалдамалы жеке тұрғын үй ғимаратында білім алып жатыр. Өйткені елді мекенде мектеп жоқ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Долан ауылындағы 70 орындық жалғыз бастауыш мектеп былтыр апатты деп танылып, жабылған. Содан бері 202 оқушы жеке тұрғын үйлердің қуықтай бөлмелерінде үш ауысыммен білім алуға мәжбүр. Ал жоғарғы сынып оқушылары көрші ауылдарға қатынап оқиды.
Бұл мәселені шешу үшін биыл мұнда AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында 1 200 орындық жаңа мектеп құрылысы басталды.
"Енді осы мектеп салынғаннан кейін түбегейлі осы жердегі мәселе шешіледі. Ауданда бізде 8 мектеп бүгінгі таңда үш ауысымдық. Және осы үш ауысымдықты жою бойынша ауданымызда жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2023-2024 жылдары 10 мектеп салынады деп жоспарлап отырмыз", - дейді аудандық партия филиалының төрағасы Қаныбек Айтжанов.
Мердігердің айтуынша, Доландағы құрылыс жұмыстары 2024 жылғы қазанда аяқталады.
"Бұл жобаны көктемде әзірледік. Құрылыс-монтаждау жұмыстары тамызда басталды. Біз сапаға аса мән береміз. Мәселен, мұндағы топырақ борпылдақ. Қазір оны тығыздап жатырмыз. Сонда салынып жатқан ғимарат уақыт өте шөгіп қалмайды. Нысанды мерзімінен кешіктірмей тапсырамыз деп сенеміз", - дейді мердігер ұйым өкілі.
Айта кетейік, бұл - "Жайлы мектеп" жобасы аясында салынып жатқан заманауи білім ордасы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!