Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Шалқар ауылындағы 15 миллион теңге сатылған мектеп мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Мектеп тапшылығы бар. Бізде үш ауысымды 51 мектеп бар. Нақты осы сатылған мектеп туралы айтсақ, біраз соттастық. 8 маусымда алған адам өз еркімен мектепті үкіметке қайтарып берді", - деді облыс әкімі брифингте.
Еске салайық, бұған дейін Amanat партиясы фракциясының депутаты Мақсат Толықбай Алматы облысында 15 миллион теңгеге сатылып кеткен мектептің мәселесін көтерген еді.
"Сол ауылдағы құлайын деп тұрған үйдің өзі 17 миллион теңге тұрады. Бір үлкен мектепті 15 миллион теңгеге сатып жіберу деген сұмдық нәрсе ғой. Алматы облысының әкімі бұл қай әкім тұсында қалай сатылғанын анықтау оңай емес, бәрін біліп отырмыз. Тез арада қайтарыңыздар. Әйтпесе, бүкіл фамилияның соңына жетем, екі ай уақыт береміз", - деді Мақсат Толықбай.
Кейін Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов Желіде дау тудырған Алматы облысындағы мектепке қатысты пікір білдірді. Әкімнің айтуынша, ғимарат мемлекет меншігіне қайтарылады.
Алайда кейін мектепті сатып алған тұрғын әкімдік тарапынан ұсыныс жасалғанын айтты. Қолда қаражаты бар кәсіпкерге жергілікті билік ауылдан балабақша ашып беруді өтінген. Нысан иесінің айуынша, сол кезде жауапты мамандар нысанды 15 миллион теңгеге бағалаған. Ал жөндеуден кейін оның құны 80 миллион теңге болған.
"Мен бұл жерден монша немесе мейрамхана ашқан жоқпын. Халықтың сұрауы бойынша балабақша дайындап жатырмын. Күтіп отырғаныма 5 жыл болды. Қайтаруға қарсы емеспін", - деді нысан иесі Фархат Мәденов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!