Алматы облысында 10 адам түзеу мекемесінде қылмыстық топ құрып, сотталғандарға күш көрсеткен

Алматы облысында 10 адам түзеу мекемесінде қылмыстық топ құрып, сотталғандарға күш көрсеткен
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Алматы облысында ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысушылары ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

12 маусымда Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Алматы облысы Заречный кентінде орналасқан №14 түзеу мекемесінде қылмыстық әрекет ұйымдастырған қылмыстық топтың 10 мүшесіне үкім шығарды.  

2022-2024 жылдар аралығында осы мекемеде жазасын өтеп жүрген кейбір сотталғандар тұрақты ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, психологиялық қысым көрсету және күш қолдану арқылы басқа сотталғандарға заңсыз әрекеттер жасаған.  

Ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері басқа сотталғандардан жүйелі түрде ақша бопсалап отырған. Алынған қаражат банк карталарына және Kaspi мен басқа да мобильді қосымшалардағы шоттарға аударылған. Талаптарды орындаудан бас тартқан жәбірленушілер соққыға жығылған.

Алматы облысы прокуратурасының арнайы прокурорлары ҚР ҚК-нің 262, 194 және 190-баптары бойынша тергеп-тексеру жүргізді.

Сот үкімі

Сот ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін кінәлі деп танып, оларға 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.  

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget