Энергетика министрлігі "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ, Petrosun АҚ, АЖҚС ірі желілері (Helios, "Газпромнефть-Қазақстан", PetroRetail және Sinooil) өкілдерінің қатысуымен Алматы облысын жанар-жағармай материалдарымен іркіліссіз қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
7 сәуірдегі жағдай бойынша Алматы облысы бойынша дизель отынының қоры 11 мың тоннадан асады. АЖҚС желілерінің өкілдері дизель отынының қоры жеткілікті деп отыр.
"Сонымен қатар АЖҚС желілерінің ақпараты бойынша дизель отынына сұраныстың артуы байқалады (30%-дан астам), соның салдарынан кейбір жанармай құю бекеттерінде отынның тәуліктік көлемі тез таусылып жатыр. Шымкент МӨЗ жөндеуге тоқтауына байланысты өңірге мұнай өнімдерін жеткізу бойынша шектеулер болды. Сондықтан желілер басшылығы отынды көп тұтынатын аудандарға тиеп-жөнелтуді арттыру туралы шешім қабылдады", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар Атырау МӨЗ және Павлодар МГХЗ-дан 5 000 тонна отын жолда бара жатыр. ҚТЖ ЖЖМ-ды уақтылы тасымалдауды қамтамасыз етеді.
"7 сәуірде мұнай өнімдерін өндіру басталған Шымкент МӨЗ-де жөндеу жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды. Өнімнің бірінші партиясы демалыс күндері жөнелтіледі деп жоспарланып отыр. Бұл ретте Алматы облысын қоса алғанда, оңтүстік өңірлерге бірінші кезекте жөнелту қамтамасыз етіледі", - деп хабарлады ведомство.
Сондай-ақ Алматы облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне қосымша 3 мың тонна дизель отыны бөлінеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!