Кеше елордада «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» акциясының аясында Алматы облысының күндері басталды. Үш күнге созылатын шара барысында аймақтан келген делегация облыстық тауар өндірушілердің ауылшаруашылық жәрмеңкесін, кітап пен сәнді-қолданбалы өнер көрмелерін, мерекелік концерттер өткізуге мұрындық болмақ. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өтетін шараның алғашқы күні Орталық коммуникациялар қызметінде Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Өнербаевтың қатысуымен брифинг өтті.
Б.Өнербаев облыстың әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігінде атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады. Оның айтуынша, биылғы жылдың алғашқы алты айында облыс экономикасына 269,3 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған.
– Инвесторлармен жұмыс істесу біздің жұмысымыздың басты бағыттарының бірі. Соның арқасында 2016 жылдың қаңтар-шілде айларында 269,3 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл бізге бюджетке түсетін салық көлемін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, республикалық бюджеттен бөлінетін жәрдемқаржыны азайтуға мүмкіндік берді, – деді Б.Өнербаев.
Оның айтуынша, Көксу ауданында ұзақ уақыттан бері тоқтап тұрған қант зауытының жұмысы өткен жылы инвесторлардың атсалысуымен қайта жанданыпты. Биыл Ақсу ауданындағы қант зауытының да жұмысы жолға қойылмақ, оған да инвесторлар жұмылдырылған. Осылайша, Алматы облысы алдағы уақытта елімізді отандық қантпен қамтамасыз етіп қана қоймай, оны экспортқа шығаруды жоспарлап отыр екен.
– Биылғы жылдың жеті айында өңірде 14 269 жұмыс орны ашылды. Бұл Мемлекет басшысы алға қойған маңызды тапсырмалардың бірі, – деген Б.Өнербаев облыстың ел экономикасына сүбелі үлес қосып жатқанын тілге тиек етті.
Алматы облысы күндерінің аясында елордада ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтіп жатқанын айта кету керек. Жәрмеңкеде жалпы салмағы 340 тоннадан асатын 38-ден астам өнім түрлері саудаға шығарылды. Оның ішінде ет пен ет өнімдері, балық, көкөніс, жеміс-жидек, сүт өнімдері, жұмыртқа, тағы да басқа азық-түліктер бар.
Бүгін, яғни 10 қыркүйек күні Конгресс-холл сарайында «Талдықорған — кеше, бүгін, ертең» атты көрме ашылып, шаһардың тарихы мен қазіргі сәулетінен сыр шертетін фотосуреттер жұртшылық назарына ұсынылады. Артынша осы мәдениет ошағында Алматы облысы шығармашылық ұжымдарының қатысуымен «Жетісу – жұмақ мекенім» атты гала-концерт өтеді.