Алматы облысы апорт өсіруді қайта қолға алды

Алматы облысы апорт өсіруді қайта қолға алды
Фото: fruttalight.it

Алматы облысында «AMAL BIO» ЖШС жеміс бағы апорт алмасын өсіруді қайта қолға алды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі. Бақта алма, шие, алмұрт және құлпынайдың 13 сұрыпы өсіріліп жатыр. 

«Біз біраз апорт көшетін сынақ ретінде отырғызған едік. Сау алма ағаштары 7 жылға жуық өнім береді. Мұндай сұрып суды көп қажет етеді. Қазір нағыз апортты қайта өсіру бойынша ғылыми жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алайда бұл жер теңіз деңгейінен бар-жоғы 740 метр биіктікте орналасқан, ал апорт 800-1200 метр биіктікте өседі», - деп атап өтті инженер-механик Айдахым Бөлтіріков.

Таяуда Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Талғар ауданына жұмыс сапары барысында өңірдегі ауыл шаруашылығы мен өңдеу салаларының бірқатар нысандарын аралап, осы серіктестіктің жұмысымен танысқан болатын. Облыс әкімі бастаған делегация Еңбекшіқазақ ауданы аумағындағы 45 гектар жерді алып жатқан «AMAL BIO» ЖШС алма бағын аралап көрді. 

Тамшылатып суару әдісімен өсірілетін бақта бүгінде 127 000 түп алма, алмұрт, шие көшеттері отырғызылған. Нәтижесі жаман емес, жемістер көз тұндырады. Биылғы жылы бақтағы алманың интенсивті сұрыптарынан 400 тоннаға жуық өнім жинау жоспарланған. Мұндағы жемістер өңделіп, нарыққа дайын өнім түрінде де ұсынылып отыр.

 

М. Оңғарова