Алматы облысының әкімдігі Еңбекшіқазақ ауданын бөлу туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін БАҚ беттерінде жыл соңына дейін Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы екіге бөлініп, жаңадан Шелек ауданы құрылады деп күтіледі деген ақпарат пайда болған еді. "Инсайдерлердің" айтуынша, бұл аудан орталығы - Есіктен шалғайдағы ауыл тұрғындарының өмірін жеңілдетуі тиіс.
Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі жетекшісі Ғалымұрат Жүкел бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтты.
"Бүгінде мұндай мәселе тұрған жоқ", - деді ол.
Айта кетейік, Алматы облысы құрамындағы Еңбекшіқазақ ауданы 1997 жылы 23 мамырда құрылған. Мемлекет басшысының Жарлығымен Шелек ауданы таратылып, аумағы Еңбекшіқазақ ауданының құрамына енгізілген.
Еңбекшіқазақ ауданы көлемі жағынан облыста төртінші, республикада 11-орында. Сонымен қатар, халық саны бойынша республика аудандары арасында бірінші орында тұр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!