- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- метро туралы
Алматы метросындағы жұрттың сынына қалған қоршаулар: жауаптылар не дейді?

Алматыдағы метро бекеттеріндегі қауіпсіздік қоршаулары жұрттың сынына қалды. Бұл қоршаулар былтыр зағип жан құлап кеткеннен кейін қойыла бастаған болатын. Алматы метрополитені өкілдері сынға қалған қоршауларға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы метрополитенінің жауабы
Алматы метрополитені баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл - уақытша қоршаулар, олар вагондардың арасындағы кеңістікті шектеу үшін орнатылған.
Мәліметке сүйенсек, қауіпсіздік қоршаулары метрополитеннің өз есебінен орнатылған, "бюджет қаражаты бөлінбейді", - деп сендірді жауаптылар.
"Бұл - жолаушылардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған уақытша шешім, ол тұрақты платформалық есіктер (screen doors) орнатылғанға дейін қолданылады", - деп жазылған хабарламада.
Қазір вагондар арасындағы уақытша бөлу конструкцияларын монтаждау жұмыстары жалғасып жатқаны белгілі болды.
Tengrinews.kz/ Әлихан Сәриев
Алматы метрополитенінің директоры Алмасбек Орынбековтің айтуынша, алдымен тот баспайтын жылтыр металдан жасалған тіректер орнатылады, кейін оларға соққыға төзімді шыныдан жасалған қоршаулар бекітіледі. Бұл жұмыстар жақында аяқталады деп жоспарланып отыр.
"Автоматтандырылған платформалық қоршауларды орнату ұзақ уақытты қажет етеді, өйткені ол үшін жобалау, техникалық-экономикалық негіздеме, қаржыландыру, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізу қажет. Сондықтан жолаушылардың қауіпсіздігі үшін уақытша металл қоршаулар орнатылып жатыр", - деп сөзін түйіндеді Алмасбек Орынбеков.
Алматы метросындағы қайғылы оқиға
Еске салайық, 2024 жылы 10 желтоқсанда Алматыдағы метрода бір адам рельске түсіп, қайтыс болды. Кейін "Абай" бекеті уақытша жабылды. Куәгер метродағы қайғылы жағдай туралы айтты.
Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейтжан Алматыдағы метро бекетінде болған қайғылы оқиға туралы айтып, жағдай жасалмағанын жеткізді.
2025 жылы Алматыда метро бекетіндегі қайғылы оқиғадан кейін қоршаулар қойыла бастады.
Кейінірек бұл қоршаулар әлеуметтік желіде жұрттың сынына қалды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова