9 қарашада таңертең Алматы тұрғындары метрополитендегі ONAY төлем жүйесінде ақау болғанын хабарлады. Жолаушылардың айтуынша, көпшілігі қосымша арқылы жол ақысын төлей алмаған. Салдарынан станцияларда ұзын-сонар кезек пайда болып, кейбір тұрғындар жұмысқа немесе оқуға кешігіп қалған, деп хабарлайды Massaget.kz Tengrinews.kz cайтына сілтеме жасап.
"Қаншама адам кешікті": не болды?
Әлеуметтік желілерде Алматы тұрғындарынан метро жолақысын төлеуге қатысты ондаған шағым пайда болды.
Жолаушылар ONAY қосымшасының дұрыс жұмыс істемей тұрғанын, соның салдарынан турникеттерден өтуге қажетті кодты ала алмағанын хабарлады. Нәтижесінде, метро кіреберістерінде кезектер пайда болған.
"ONAY-дан қайырлы таң. Бүгін қаншама адам кешікті", – деп жазды қолданушылардың бірі.
Басқа да қала тұрғындары бекеттерде адамның көптеп жиналғанына шағымданды.
"Бүгін ONAY үшін осындай кептеліс болды", – делінген басқа жазбада.Смотреть в Threads
Пайдаланушылар пікірлерде автобустарда да жол ақысын төлеуге қатысты мәселелер туындағанын жазды. Сондай-ақ кейбір жолаушылар метрополитенде Apple Pay арқылы төлем жасау мүмкін болмағанын айтады.
Алматы метрополитені не деп жауап берді?
Алматы метрополитенінің баспасөз қызметі ONAY жүйесінде ақау болғанын растады. Мекеме мәліметінше, 9 қараша күні сағат 06:30-дан бастап метроның барлық станциясында жолаушылар жол ақысын қосымшадағы QR-код арқылы төлей алмаған.
"Сағат 09:30-да "Оңай" жүйесіндегі техникалық ақау толығымен жойылды. QR-код арқылы жол ақысын төлеу мүмкіндігі қалпына келтірілді. Туындаған қолайсыздықтар үшін жолаушылардан кешірім сұраймыз", - деп хабарлады метрополитен басшылығы.
Сонымен қатар метро әкімшілігі төлемнің басқа тәсілдері қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын хабарлады. Жолаушылар турникеттерден өту үшін көлік карталарын, банк карталарын, Apple Pay, Samsung Pay жүйелерін және QR-коды бар қағаз билеттерді пайдалана алды.
О. Сансызбай