- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматы мен оңтүстік...
Алматы мен оңтүстік өңірден адам көп қоныстанған: Астанада халық саны қалай өзгерді?
Астанада елорда мәртебесін алғалы бері халық саны қалай өзгерді? Massaget.kz тілшісі қала әкімдігіне ресми сауал жолдады.
Астанада халық саны қай кезде қатты өсті?
Әкімдік мәліметінше, Астанада халық саны 1992 жылы 298,7 мың адам болған, алайда 1996 жылы 287,2 мың адамға дейін азайған. Дегенмен 1997 жылдан бастап Астана Қазақстанның жаңа елордасы болған кезде қалада халық саны айтарлықтай өскен.
"Жаңа астанадағы халық саны 1998-2008 жылдар аралығында екі еседен аса өсті. Негізінен халық саны Қазақстанның басқа өңірлерінен көшіп келгендер есебінен артты", - деп жазылған жауапта.
©️ Tengrinews.kz / Әлихан Сариев
Астанаға көбіне кімдер қоныс аударды?
2001 жылы Астанада жаңа қаланың құрылысы басталғаннан бері халық саны күрт өсті. 2000-2018 жылдар аралығында қалада халық саны 1989-1999 жылдардағы орташа есеппен салыстырғанда 6,33 пайызға өскен.
"1990 жылдардың аяғында эмигранттар Ресей мен Германияға ағылды. Олардың басым бөлігі орыс тілді отбасылар еді. Бұл үрдіс мемлекеттік қызметкерлер мен олардың отбасылары, жұмысшылар легі көбейіп, Астана өмір сүру үшін неғұрлым қолайлы қалаға айналғаннан кейін баяулады. 2000 жылдары көші-қонның негізгі бағыттары Ақмола облысының көрші облыстары мен Алматы қаласы болды", - деп жазылған жауапта.
©️ Tengrinews.kz / Әлихан Сариев
Алғашында Астанаға қоныс аударушылар Алматы қаласы мен іргелес аумақтардан болса, кейінгі жылдары Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен де арта түскен.
Сонымен қатар, елордада туу көрсеткішінің айтарлықтай өскен. 2004 жылы 2002 жылмен салыстырғанда 40 пайызға артқан.
Қазір Астана халқының саны қанша?
2019 жылы қала халқы 2030 жылға қарай 1,6 миллион адам, 2040 жылға қарай 2 миллион адам, ал 2050 жылға қарай 2,4 миллион адам болады деген болжам жасалған.
©️ Tengrinews.kz / Әлихан Сариев
2024 жылғы 1 мамырдағы деректер бойынша қала халқының саны 1 миллион 458 мың адам болды. Халықтың табиғи өсімі - 2024 жылғы қаңтар-сәуірде 7556 адам (былтырға қарағанда 7748 адам).
2024 жылғы қаңтар-сәуірде туғандар саны - 9441 адам (2023 жылғы қаңтар-сәуірге қарағанда 0,2 пайызға азайды), қайтыс болғандар саны 1885 адам (2023 жылғы қаңтар-сәуірге қарағанда 10 пайызға өсті).
Көші-қон бойынша көрсеткіш 20 419 адам (2023 жылғы қаңтар-сәуірге қарағанда 9076 адам), соның ішінде сыртқы көші-қонда 653 адам, ішкі көші-қонда 19766 адам болды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова