Алматы мен Астанада 1 млрд теңгелік тұрғын үй алаяқтығы анықталды

Алматы мен Астанада 1 млрд теңгелік тұрғын үй алаяқтығы анықталды
Фото: depositphotos.com

Бірнеше жыл бойы екі әйел елорда мен Алматыда элиталық тұрғын үйді жеңілдікпен сатып алуды ұсынған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Астана прокуратурасының мәліметінше, олар мемлекеттік бағдарлама атын жамылып, 150 адамды алдаған.

Шығынның жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден асқан.

"Олар кеңсе жалдап, жұмыс істеп тұрған ЖШС реквизиттерін пайдаланып, жалған келісімшарттар жасаған. Азаматтарды Астана мен Алматы қалаларында элиталық пәтерлерді жеңілдікпен алып беруге, сондай-ақ мемлекеттік бағдарлама бойынша несие, қарыз рәсімдеуге көмектесеміз деп алдаған", – делінген хабарламада.

Сот оларды әрқайсысын 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруға, сондай-ақ 5 жыл бойы жауапты және басшылық лауазымдар атқару құқығынан айыруға үкім етті. Сонымен қатар, сотталғандардан келтірілген материалдық шығын өндірілді. Үкім заңды күшіне енді.

"Астана прокуратурасы азаматтарға ресми өкілеттігі жоқ немесе тиісті құжаттары болмайтын тұлғалармен, әсіресе несие рәсімдеу және тұрғын үй сатып алу саласында мәміле жасамауды ұсынады", – делінген мәліметте.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 76 жастағы профессоры Какен Камзин интернет-алаяқтардың құрбаны болған еді. Бейтаныс адамдар мемлекеттік орган қызметкерлері ретінде өзін таныстырып, оны пәтерін сатып, ақшаны "қауіпсіздік мақсатында" беруге көндірген.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Бақдаулет
Logotype Massaget