- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматы мектептерінде оқушыларға...
Алматы мектептерінде оқушыларға ұлттық тағамдар берілуі мүмкін
Алматы мектептерінде оқушыларға берілетін тегін тағамдардың мәзірі өзгеруі мүмкін. Қазір пилоттық жоба қолға алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Дұрыс тамақтанбау, тез дайындалатын тағам түрлерін жиі тұтыну созылмалы ауруларға әкеледі. Диетологтардың айтуынша, дұрыс тамақтануды мектеп қабырғасынан бастау керек. Алматы қалалық білім басқармасы "Ұлттық салауатты тамақтану" орталығының мамандарымен бірлесіп, арнайы мәзір дайындап жатыр. Онда балалар үшін құнарлы әрі әр елдің ұлттық тағам түрлері енгізілмек.
"Алматы қаласы бойынша 3 мектепті эксперимент ретінде алдық. Мектептерде антропотологиялық зерттеу өткіздік. Ата-аналармен кездесіп, оқушыларға тренинг өткізілді. Оқушылармен бірге тамақтың сапасын анықтадық", – деді Алматы сервистік қызмет көрсету колледжінің директоры Ерұлан Қарағұлов.
Жаңа мәзірдегі тағам түрлері мұғалімдер мен ата-аналарға және сарапшы мамандарға ұсынылды. Олар тағамның құнарлығы мен дәміне баға беріп, ұсыныс-тілегін жеткізді. Көптің көңілінен шықса, алдағы уақытта осы мәзір мегаполистегі барлық мектепке енгізілуі мүмкін.
Айта кетейік, бұл – әзірге тек пилоттық жоба.
"Барлық тамақтар өте ұнады, балаларға пайдалы. Сүзбелері де ұнады. Балаларым сүйсініп, тамсанып жеді. Асханаға осындай ұлттық тамақтарды енгізсе деймін. Ешқандай шағым жоқ. Бірақ көкөністерді көбірек қосса деймін", – деді ата-ана Дилира Аманилова.
Бүгін көпшілікке ұсынылған тағам түрлері нақты бекітілген тізім емес. Зерттеу жұмыстары мамырға дейін жалғасады. Ол үшін өзге де мамандардың пікірі тыңдалып, шетелдік әдістемелер қолданылып көрмек. Жаңа мәзірге енгізілген тағам түрлерін Алматыдағы сервистік қызмет көрсету колледжінің ұстаздары дайындайды.
"Жаңадан дайындалған мәзір тізімінде балық та бар. Оның балалар үшін пайдасы көп. Құрамы омега, йод пен түрлі дәрумендерге толы. Сондай-ақ ірімшік пен сүзбе секілді сүт өнімдерімен толықтырдық. Олар құнарлы болып келеді. Мәзірді дайындау кезінде барлық тараптың ой-пікірі ескерілді", – деді диетолог Вероника Иванова.
Бүгінде Алматыдағы мемлекеттік білім беру ұйымдарында 134 мыңнан астам оқушы тегін тамақпен қамтылған. Бір баланың күндік тағам бағасы орташа есеппен 830 теңгені құрайды.
Оқи отырыңыз: Дұрыс тамақтану: Пайдалы кеңестер
А. Жапатова