Бүгін 1 қыркүйек - Білім күні. Биыл еліміздегі мектептерде 3,9 миллион оқушы білім алады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы мектептерінде алғашқы қоңырау соғылды. Солардың бірі - №108 жалпы білім беретін мектеп. Білім ордасы мектеп табалдырығын алғаш аттап отырған бүлдіршіндерді қабылдады.
Айта кетейік, еліміздің барлық өңірлерінде Білім күнін асыға күткен 3,9 миллион бала сүйікті мектебі, ұстаздарымен қайта қауышады.
"1 қыркүйек – алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған балалар үшін ерекше мереке. Бірінші сыныпқа 352 мың бала қабылданды", - деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өз құттықтауында.
11 сыныпқа өткен 219 мың оқушы биыл мектептегі оқуын аяқтайды.
Биыл 1,7 миллион оқушы мектептерде тегін тамақтанумен қамтылады.
Сондай-ақ бүгін 90 мыңға жуық оқушы су жаңа мектептерде оқу жылын бастайды.
"Оның ішінде "Жайлы мектеп" ұлттық жобасымен салынғандары да бар. Ал 200 мыңнан астам бала күрделі жөндеуден өтіп, қайта жабдықталған мектептерде білім алады".
Сонымен қатар оқу бағдарламасына буллингке қарсы іс-шаралардың бірі - "Қауіпсіздік сабағы" енгізілетіні белгілі болды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!