Биыл наурызда Қазақстанда Парламент Мәжілісі және мәслихат сайлауы өтті. Кейін Мәжіліске үміткер болған Мұхтар Тайжан Аида Әлжанованың Facebook-парақшасында жарияланған ақпаратты бөлісті. Жазба мәтініне сәйкес, Алматының мәслихат депутатына өткен үміткерлер жеке компанияларды басқарады және сол компаниялар мемлекеттік сатып алудан қомақты қаржы алған. Factcheck.kz Желіде тараған ақпараттың қаншалық шындыққа жанасатынын тексерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Басылым мәліметінше, бірінші орында аманаттық Әміржан Нәбиев тұр. Оның 2023 жылға құрылыс басқармасымен бір көзден (сатып алу арқылы жасалған - еск.) 17 миллиард теңгеге келісімшарты бар.
"Иә, Әміржан Нәбиев Алматы мәслихатының депутаты болып сайланды. Расымен, Kompra.kz дерегінше, ол - "Атрикс-Строй" құрылыс компаниясының бірінші басшысы. Мемлекеттік сатып алу порталының дерегіне сәйкес, 2023 жылы Алматы құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша компания 17 миллиард теңгеден аса сомаға келісімшарт жасаған. Қаржы Алматы әкімі аппаратының ғимаратын "қайта жаңартуға" жұмсалады", - деп жазған басылым.
Kompra.kz дерегінше, Нәбиев басшы ретінде тіркелген компания 2015 жылдан бері 774 908 606,11 теңге салық төлеген, ал 2023 жылы - 307 122 041 теңге (4 сәуірге дейінгі дерек).
Бір қызығы, "Атрикс-Строй" 2016 жылдан бері ең көп дегенде 55 миллион теңгеге тапсырыс алған. Ал биыл 17 миллиард теңгеге Қаңтар оқиғасы кезінде өртенген әкімдікті жаңартуға тапсырыс алады. Келісімшарт әлі орындалып жатыр. Барлығын қоса есептегенде 2016 жылдан бері 4 келісімшарт жасалған. Оның үшеуі орындалып жатыр, ал біреуі аяқталған.
"Сонымен қатар, компанияның Әміржан Нәбиевтен бөлек, тағы бір құрылтайшысы бар - Сәрсен Нәбиев Садирович. Ол жеке кәсіпкерлікпен (компаниясы "Призма" деп тіркелген - еск.) айналысады. Алайда компанияның мемлекеттік сатып алуға қатысқаны туралы я салыққа қатысты ақпарат жоқ, - деп жазған басылым.
Kompra.kz дерегінше, Әміржан Нәбиев - тағы "Алем Энерго Капитал" компаниясының бірінші басшысы және жалғыз құрылтайшысы. Оның мемлекеттік сатып алуға қатысқаны туралы ақпарат жоқ. Kompra.kz мәліметінше, компания тек 2015 жылы 900 мың теңге салық төлеген. Бұдан басқа, компанияның салық төлемегені үшін 43 828 теңге қарызы бар.
Басылым мәліметінше, екінші орында аманаттық Алтынай Көбеева тұр. Ол биыл әкімдіктен 59 миллион және 52 миллион теңгеге тапсырыс алған.
"Алтынай Көбеева - "Ақпаратты-ресурстық орталығы" қоғамдық қорының басшысы және "Аманат" партиясының атынан Алматы мәслихатының депутаты. Қор 2023 жылы Алматының Жастар саясаты басқармасынан "НаркоСТОП" жобасын іске асыруға 59 миллион теңгелік келісімшартқа отырған. Ол әлі орындалып жатыр. Техникалық сипаттамаға сай, ол "мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру аясында іс-шараларды ұйымдастырады". Алайда оның нақты қалай және қайда ұйымдастыратыны белгісіз. Бізге тек екі шараны біріктіріп өткізуге болмайтыны белгілі. Кәсіпорын реестрінің дерегінше, компания әртүрлі сала бойынша қызмет көрсететіні жазылған", - делінген басылымда.
Көбеева басқаратын қор 2023 жылы Алматының Қоғамдық даму басқармасының тапсырысымен, Civil center Almaty орталығының жұмыс істеуін қамтамасыз етуді де өз мойнына алған. Алайда қазір келісімшарт статусы "өзгертілген" деп тұр. Әзірше, қосымша келісімшарт жасалып, жұмыс басталғаны туралы ақпарат жоқ.
Ал "Ақпаратты-ресурстық орталығы" 2015 жылдан бері 11 855 913,81 теңге салық төлеген. 2022 жылғы салығы - 3 114 209.31 теңге (бұл компанияның төлеген салықтарының ішінде ең көп құны- еск.). Құрылтайшылар қатарында өзінен басқа, Шолпан Калиева көрсетілген. Алайда ашық деректерде Калиеваның дәл қазіргі қызметі туралы ақпарат аз.
Kompra.kz дерегінше, Алтынай Көбеева қордан бөлек, жылжымайтын мүлікті жалға берумен айналысатын "Алуал" ЖШС-ны басқарады. Бұл ұйым 2015 жылдан бері 811 588 теңге салық төлеген, ал 2022 жылы - 458 483 теңге. Өзінен басқа құрылтайшы жоқ.
Басылым мәліметінше, үштікті тағы да аманаттық Бақытбек Жұмабаев толықтырды. Оның кейінгі келісімі 2020 жылы бір көзден 61 миллион теңгеге жасалған.
"Бақытбек Жұмабаев - "Жан - М" ЖШС-ны басқарады және "Аманат" партиясының атынан Алматы мәслихатының депутаты. Компанияның құрылтайшысы да, басшысы да өзі. Компания 2020 жылы "Алматыэлектркөлік" ЖШС-нің тапсырысымен Алматыдағы 1-, 2-вокзалды тәулік бойы күзету қызметін ұйымдастыруы керек. Әзірше 31 716 250 теңге игерілді. Келісімшарт орындалып жатыр. Кәсіпорын реестрінің дерегінше, компания күзет саласы бойынша қызмет көрсетеді", - деп жазған басылым.
Ашық деректерден Жұмабаев басқаратын басқа компания табылмады. Kompra.kz дерегінше, 2015 жылдан бері "Жан-М" компаниясы 304 974 791 теңге салық төлеген. Ең көп төленген салық 2021 жылы тіркелген - 79 402 907 теңге.
Басылым мәліметінше, одан кейінгі кезекте өзін-өзі ұсынған Еркінбек Рақышев тұр. Ол 2021 жылы бір көзден 2,8 миллион теңгеге, 2020 жылы 451 мың теңгеге келісімшарт жасасқан.
"Еркінбек Рақышев "Жас Ұлан" киностудиясын басқарады және бірмандатты округтер бойынша Алматы мәслихатының депутаты болды. Мемлекеттік сатып алу порталының дерегінше, 2021 жылы "Almaty телерадиокомпаниясының" тапсырысымен "Жүрегіңіз ауырмасын" деректі фильмін түсіруге киностудия 2 миллион 800 мың теңгелік тапсырыс алған. Ал 2020 жылы Алматы арнасы Рақышев түсірген "Менің де атым Қожа", "Жетімдер", "Жаралы сезім" сынды фильмдерді көрсетуге 451 мың теңге төлеген. Жалпы, арнада көрсетілген фильм саны - 11. Әр фильмді жалға алу құны 41 мың теңгеге бағаланған. Кәсіпорын реестрінің дерегінше, компания кино, телебағдарламалар түсірумен және фонограмма мен музыкалық жазба жазумен айналысады", - делінген басылым ақпаратында.
Kompra.kz дерегінше, киностудия 2017 жылдан бері 558 828 теңге салық төлеген. Салықтың ең көбі 2018 жылы төленген - 450 984 теңге. Киностудияның Рақышевтан басқа құрылтайшысы жоқ.
Еркінбек Рақышев "Жас Ұлан" киностудиясынан бөлек, "Жас Ұлан" балалар мен жасөспірімдер киностудиясын басқарады. Алайда мемлекеттік сатып алу арқылы тапсырыс алмаған және салық төлегені туралы ақпарат жоқ. Екі киностудияның мекенжайы бір.
Басылым мәліметінше, бестікті Андрей Шин аяқтайды. Оның кейінгі келісімшарты 2021 жылы Полиция департаментімен бір көзден 36 мың теңгеге шарт жасасқан.
"Андрей Шин бір мандатты жүйе бойынша Алматы Мәслихатының депутаты болды. Шин басқаратын "Шин-Лайн" компаниясы мемлекеттік сатып алу арқылы Алматының Полиция департаментінен 36 200 теңге алған. Техникалық сипаттамасына сай, электр энергияны қосу не сөндіру бойынша қызмет көрсеткен. Кәсіпорын реестрінің дерегінше, балмұздақ өндірісімен айналысады", - делінген басылымда.
Ашық деректерден "Шин-Лайн" компаниялар тобының президенті Андрей Шин басқаратын немесе құрылтайшы ретінде тіркелген басқа компания табылмаған. Kompra.kz дерегінше, "Шин-Лайн" компаниясы 2015 жылдан бері 6 616 370 033 теңге салық төлеген. Ең көп 2022 жылы тіркелген - 2 194 820 167 теңге.
Еске салайық, Алматы Мәслихатына жалпы 42 депутат өтті. Оның ішінде 21-і бір мандаттық аумақтық сайлау округтерінен, 21-і партиялық тізім бойынша сайланды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!